Жанды сабақтар: туристік сала балаларға арналған білім беру туризмін дамытуды ұсынды
Ресейде 2015 жылы іске асырылған «Жанды сабақтар» («Живиые уроки») жобасына ұқсас жобаны Қазақстанда іске асыруды туроператорлар 2018 жылдан бері ұсынып келеді. Алайда кәсіпкерлердің бұл ұсынысын мемлекеттік органдар қолдауға асығар емес.
2020 жылдың сәуір айында ҰКП және «Қазақтуризм» арасында Туризмді дамыту жөніндегі жол картаға қол қойылды. «Жанды сабақтар» жобасы Жол картасының маңызды құрауышына айналды.
Жобаның тұпнұсқасы РФ Мәдениет министрлігі, Ростуризм және РФ субъектілері – жоба қатысушыларының атсалысуымен іске асырылып жатыр. Екі жарым жыл ішінде «Жанды сабақтар» жобасына Ресей Федерациясының 36 субъектісі қосылды. Жоба аясындағы білім беру экскурсиялар мен турлар Ресей аймақтарының табиғи, мәдени, тарихи, өндірістік және ғылыми әлеуетінің базасында түрлі пәндердің оқу бағдарламаларына сәйкес әзірленген.
«Жанды сабақтар» сыныптан тыс жұмысқа қолдануда тиімді, мектептерде сыныптан тыс жұмысқа аптасына 10 сағат бөлінеді. Кейбір өңірлерде оқушының паспорты жүргізіледі, онда оқушының қатысқан сабағына қарай мөрлер қойылады. Бастапқыда жобаға туроператорлар белсенді қатыса бастады, ал музейлер дайын болмай қалды. Бағдарламаларды білім беру пәндеріне қарай барлығы бірдей икемдей алмады. Туроператорлар да оларға қандай талаптар қойылып жатқанын бірден түсіне қоймады. Балалармен жұмыс істеуде мектеп пәндерін толықтыратын сапалы бағдарламалардан бөлек, жақсы тамақтану, орналастыру орындары, жақсы жолдар болуы керек», – дейді Ресейде жобаның іске асырылуы жайында «Интерс-Рус» компаниясының бас директоры Татьяна Козловская.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, ҚР Мәдениет министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі жобаға қолдау білдірген.
«Жоба шын мәнінде ауқымды болуы үшін бизнес-қоғамдастық пен жергілікті атқарушы органдардың бірігуі, Білім министрлігі тарапынан – «Жанды сабақтар» есебінен мектеп бағдарламасына қалай толықтыру жасау қажеттігін түсіну қажет. Мәселен, физика мен география сабақтарын Экспо музейінде, биология және сурет сабағын – зообақтар мен ұлттық саябақтарда жүргізуге болады, кәсіби бағдарды өнеркәсіптік туризм арқылы дамытуға болады», – деді Юлия Якупбаева.
Жобаны сапалы іске асыру үшін «Kazakh Tourism» АҚ, бизнес-қоғамдастық және ҰКП-мен бірлесіп, «Жанды сабақтар» әдістемесін әзірлеуге: сабақ өткізу орындарын анықтау, оқу жоспарларымен танысу, сабақ өткізуге мұғалімдер таңдау критерийлерін құру, суреттер және қосымша материал дайындауға кіріседі.
«Әзірге тарих, физика, биология және әдебиет сабақтары үшін 4 бағытты айқындадық. Бұл Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан-Тараз және Семей-Жидебай өңірлері. Жобаға медициналық қызметкерлердің 7-9 сыныптарында оқитын балалары, үздік және белсенді оқушылар қатысады деп жоспарланған. Сонымен қатар өңірлер арасында топтық қатынауды шектеуге байланысты әзірге сабақтар топтарды көрші облыстарға баруынсыз қарастырылуда. Әріптестер, қарқынды жұмысты бастап, тамыз айының соңына дейін әдістемені әзірлеуді қалаймыз», – деді Іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Даниэль Сержанұлы.
Спикер субсидиялаудың бірнеше нұсқасы қаралып жатқанын айтты, алайда нормативтік актілер қаржыландырудың мұндай түріне мүмкіндік беру-бермеуін анықтау қажет.
Өз кезегінде Білім министрлігінің өкілі Раиса Шер жобаны әзірлеуге жауаппен қарап, балаларға түсетін жүктемені есепке алып, бағдарламаны қызықты ету қажеттігін атып өтті:
«Жанды сабақтар» қызықты әрі қажетті бастама. Бірақ, жобаны «сабақтар» деп атау артық болар? Бұл жайт балалардың көңілін түсіреді, мәселеге креативті тұрғыда қарау қажет. Бүгінде баланың барлығы бірдей сабақтан тыс музейге баруға келіспейді. Өңірлерде бағыттар бар, бірақ қауіпсіздік, тамақтандыру мәселелері орын алуда. Бағдарламалар деректерін жинаудан бастау керек шығар. Жұмысқа белсенді қатысуға дайынбыз», – деп атап өтті Раиса Шер.
Жиынға қатысушылар тиімді тәжірибе ретінде ЭКСПО уақытында ұйымдастырылған балалар турлары тәжірибесін пайдалануды ұсынды. 2017 жылғы жаз уақытында елордаға Қазақстанның барлық өңірінен 400 мыңнан астам бала келді.
«Әр өңірде балаларға арналған маршруттар кешені бар. Оларды жобада қолдануға болады. Мамандарға келетін болсақ, тәжірибесі бай, әдіскер мамандарды табамыз деген ойдамын. «Жанды сабақтарды» құру үшін қандай іргетастың барын білу үшін мониторингті бастау қажет. Маршруттар құны жоғары болмайды, бірақ мысалға Ақтаудан Алматыға қалай жетуге болатыны жайында үлкен мәселе туындайды. Ұшақпен қатынау қымбат», – деді Ақтау қаласындағы «Турист» туркомпаниясының директоры Евгения Слюсарева.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Гвидон-тур» компаниясының директоры Татьяна Верницкая «Kids go free» бағдарламасын жыл он екі ай өткізуді ұсынды.
«Біз бағдарламаны топтық туризмге кеңейте аламыз. Көп балалы аналар барлық балаларын бірдей экскурсияға жібере алмайды, дегенмен отбасының бір баланы жіберуге мүмкіндігі бар. Бағдарламаны толығымен әлеуметтік етуге болмайды, шығындардың бір бөлігін ата-аналар көтеруі керек. Біз жағдайы төмен отбасыларды анықтап, демеушілік көрсете аламыз. Экскурсиялар бірреттік емес, кешенді ұйымдастырылуы керек. Осы ретте мұндай экскурсиялар қаланың да, ауылдың да балаларына қолжетімді болуы керек, ол үшін турды егжей-тегжейлі жоспарлау керек, сонда туроператор осындай экскурсия құнын есептей алады», – деп атап өтті Татьяна Верницкая.
Жиынды аяқтап, Юлия Якупбаева әдістемені балалардың өңірлер арасында қатынауы мүмкіндігімен әзірлеу қажеттігін атап өтті.
«Мысалға Алматы облысындағы балаларға қарағанда Алматы қаласының балалары үшін зообаққа бару аса қызық емес, онда балақайлар бірнеше рет барған. Демек, жобаны іске асырудың нұсқалары – өңірлік және өңіраралық болуы керек. Қаржыландыру мәселесі де талқылануы қажет. Бұл мәселеде жергілікті жердегі мәдениет басқармаларын қосу аса маңызды. Бізге музейлер мен гидтерді дайындау керек. Пилоттық жобаларды қаржыландыруы бар жеке мектептер базасында және турөнімдер базасы жинақталған өңірлерде іске асыруға болады. Сондай-ақ логистика, тамақтандыру, қауіпсіздікті арзандату мен сапасын жақсарту мәселелерін шешу қажет. Сондықтан әдістемені әзірлеуге жауаппен кірісіп, мамандар мен сарапшыларды тарту маңызды. Біз барлық мүдделі тараптарды шақырып, жобалық топты құратын боламыз», – деп қорытындылады Юлия Якупбаева.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: