Өңірлік кеңес кандидаттарына 46 000-нан астам қазақстандық кәсіпкерлер дауыс берді
Бұл туралы "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев өз фейсбук парақшасында хабарлады.
Кәсіпкерлер палаталарының өңірлік кеңестеріне орындар үшін бизнес-қоғамдастықтың 1048 өкілі дауысқа түсуде. Статистикаға сүйенсек, бір орынға орташа 2-3 адам үміткерлік танытуда. Республика бойынша өңірлік кеңестерге барлығы 456 адам іріктеледі.
Дауыс беру 5 тамызда басталды. Сайлаудың бірінші күні 25 000-нан астам адам өз дауыстарын берді, бүгінде бұл көрсеткіш 46 000-ға дейін өсті.
Екінші күні Шымкент (7312 дауыс берген), Қарағанды (5169) бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері белсенді түрде өз кандидаттарын таңдап , дауыс беру белсенділігі бойынша үздік үштікке Ақтөбе облысы (4389 өз кандидатына дауыс берген) қосылды.
Үміткерлер үшін онлайн режимде vote.atameken.kz сайтында дауыс беруге болады. Әрбір кәсіпкер, қауымдастық немесе өзін-өзі реттейтін ұйым өз аймағында сайлауға қатысып жатқан 1 үміткерге ғана дауыс бере алады.
Мұны СМС немесе ЭЦҚ арқылы жасауға болады. СМС тәсілі үшін ұйымның БСН/ЖСН енгізіп, дауыс берушінің телефон нөмірін көрсету арқылы, содан кейін телефонға келген СМС-кодты енгізу қажет.
ЭЦҚ дауыс беру тәсілі үшін ұйымның кілтін таңдау жеткілікті.
Дауыс беру смартфон арқылы да қол жетімді және екі минуттан артық уақытыңызды алмайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: