«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мұғалімдерді кәсіпкерлікке онлайн оқыту курстарының бірінші легі аяқталды

2020 жылғы 28 Шілде
3600 просмотров

2020 жылдың 13-24 шілде аралығында Білім және ғылым министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша педагогикалық  кадрларды қайта даярлау курсының білім беру бағдарламасының бірінші легі өтті. Курсқа онлайн форматта zoom.us платформасы арқылы 710 мектеп мұғалімдері қатысты.

Шыңғыс Молжігітов, Түркістан облысының бизнес-тренері:

«Түркістан облысында 13 шілдеден бастап отандық білім беру ұйымдарының «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша педагогикалық кадрларды қайта дайындау курстары басталды. Курсты өткізудің мақсаты – 10-11 сынып оқушыларына көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізу мен жаңа идеяларды қалыптастыру жолдарын үйрету, кәсіпкерлік негіздерін түсіндіру, оған қажетті қабілеттер мен дағдыларды қалыптастыру, кәсіпкерлік орта қатынастарымен таныстыру, өз кәсібін ашуға деген қызығушылықтарын ояту үшін орта білім беру оқытушыларының кәсіби құзыреттілігін дамыту.

Курстың биылғы ерекшелігі онлайн форматта өтуі. Оқыту білім берудің тиімді интерактивті әдістерін қолдану арқылы қызықты, мәнді, нәтижелі болды. Екі апталық курс барысында, тыңдаушылар кәсіпкерліктің қыр-сырымен, қажет етілетін дағдылармен танысты. Маркетингтік зерттеулер әдістерін тәжірибе жүзінде қолданып, «Бизнес жоспарлау әдістемесі» тақырыбында өз бизнес идеясы бойынша бизнес жоспар құрастырып, онда бизнес жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін, ресурстық жағдайларын және жобаның өміршеңдігін бағалауды үйренді».

Ләззат Отарбаева, Ақтөбе облысының бизнес-тренері:

«Мектептегі жаңа пәндердің бірі – «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» мұғалімдер үшін бұл «жаңа форматтағы мұғалімнің» көкжиегін кеңейту, іскери кейстерді қолдана отырып, пәнді оқыту, заманауи бизнестің бағыттары мен тенденцияларынан хабардар етеді, ал оқушылар үшін – табысты кәсіпкерге қажетті тиімді тұлға дағдыларын (soft skills) игеру, кәсіпкерлік ойлауды дамыту, командада жұмыс істеу және бизнес-идеяларды қалыптастыру, бәсекеге қабілетті тұлға болу мүмкіндігін береді».

Қашықтан оқыту барысында бірлескен орта құрылды:

«Күн сайын мұғалімдер қызықты таныстырылымдар жасады, бизнестің заманауи идеяларымен шабыттанды, маркетингтік зерттеулер жүргізді, өз өнімдерінің прототиптерін жасап, оларды сынап көрді. Біліктілігін арттырған мұғалімдер курстан алған теориялық білімдерін  тәжірибе жүзінде ұтымды пайдаланатынына және аталған пәннің нәтижеге бағытталып өтетіне сенім мол!»

Қадыр Қайырғазинов, ШҚО Көкжеті орта мектебінің мұғалімі:

«Бұл курс бізге не берді? Ең алдымен кәсіпкерлік саласы бойынша сауаттылық пәні мектептегі оқушылар үшін көптеген мүмкіндік береді. Осы пәнді меңгерген оқушының болашағы зор болатынына сенімдімін.   Курстан алған біліміміз бен оқушылардың сана-сезімін, сауаттылығын, кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыра отырып, Қазақстанның бүкіл әлемге әйгілі бизнесмендері болатындай етіп білім бере алатынымызға сенімдімін!»

Бибігүл Құрманғалиева, Сарқан қаласы, Ушинский атындағы орта мектеп мұғалімі:

«Курс жан-жақты, қызықты, тартымды өтті. Тек лекция түрінде емес, арасында түрлі ойындар, кейстерді талқылау, дебат-әңгіме, жаттығулар , сұрақтарға жауап беру, топ пен жұмыс орындау, презентация жасау  ұйымдастырылды.  Курстан бизнес-жоспар не үшін қажет, бизнес-модель, маңызды құндылықтар, бизнес-кейстері, вайнерлер деген кім, жарнамалар, питч, кәсіпкерлік қызмет түрлері, шығын түрлері, менеджмент және маркетинг негіздері туралы біліп, басқа да тақырыптармен таныстық».

Гүлмира Рахова, Ақтау қаласының №3 орта мектеп  мұғалімі:

«Елдегі белең алған қиындыққа қарамастан курс жоғары деңгейде өтті. Курс басталарда таңертеңгі 9-00-ден кешкі 18-00-ге дейін “Компьютер немесе ұялы телефон алдында үздіксіз отыру қиыншылық туғызбайды ма?” деген үрей, қорқыныш сезімдерінің болғаны рас. Алайда осы қиыншылықтарды білдіртпей, топтарға бөліп тапсырма беріп, кері байланыс алып, кәсіби шеберлігімен қызықтыра білген бизнес-тренеріміз Е.Б.Майлашевнаға осы курс тыңдаушылары атынан алғысымыз шексіз. Екі апта бойы тақырып бойынша керемет мағлұматтар алып, топтарға бөлініп тапсырма орындап, оны презентация арқылы қорғап, тынымсыз белсенділік танытқан әріптестеріме сәттілік тілеймін!»

Айта кету керек, «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының екінші легі 2020 жылдың 3-14 тамыз аралығында, ал үшінші легі 17-28  тамыз аралығында өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер