«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үкімет және «Атамекен» бизнесті қолдау жөнінде жедел штабты іске қосты

2020 жылғы 23 Маусым
9893 просмотров

 Үкімет пен «Атамекен» ҰКП ынтымақтастықты нығайтуда

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің бастамасымен экономиканың анағұрлым зардап шеккен секторларындағы ахуалды жедел мониторингілеу мақсатында Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе және бизнес жағдайына мониторинг жүргізу бойынша жедел штаб құрылды. Айта кетелік, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының дамуымен айналысатын кеңсе базасында ашылды.

Еске салсақ, 10-11 маусым аралығында ҚР Премьер-Министрі төрағалығымен, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, жергілікті атқарушы органдар және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының қатысуымен өңірлерде кәсіпкерлік дамуы мәселелері бойынша онлайн форматта үш жиналыс өтті.

 Бизнес тарапынан барлығы  жедел және жүйелі сипатта 84 ұсыныс айтылды. Бизнеспен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде 23 маусым күні Үкімет отырысында бизнесті қолдаудың қосымша шаралары бойынша іс-шаралар жоспары мақұлданды.  Отырыс барысында Үкімет басшысы бизнес-қоғамдастық өкілдерін кәсіпкерлікті дамыту бойынша жағдай одан әрі қадағаланып, қажет болған жағдайда қосымша қолдау шаралары қабылданатыны жайында сендірді. «Атамекен» деректеріне сәйкес, анағұрлым проблемалық салалар қатарында логистика және тасымалдау, сатып алулар, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, экология бар.

Өткен айда Жобалық кеңсенің үш отырысы өтті, соның нәтижесінде бизнесті қолдау бойынша бірқатар нақты шаралар қабылданды:

  • Агро несие корпорациясының кепілзат саясаты оңайлатылды;
  • Өңдеу өнеркәсібінің экономикалық қызмет жалпы жіктеуіштерімен несиелеу үшін тауарлар тізімін кеңейту бойынша шешім қабылданды;
  • «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына көктемгі дала жұмыстарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті барлық агротехникалық іс-шараларды қаржыландыруды енгізу туралы шешім қабылданды;
  • «Даму» КДҚ» АҚ кепілдігін қарау және беру бойынша мерзімін бірінші кезеңде 25 күннен 18 күнге дейін, ары қарай кезең-кезеңмен қысқарту туралы шешім қабылданды;
  • «Даму» КДҚ» АҚ кепілдігін АӨК өндірісі жобаларына беру туралы мәселе қарау және әзірлену үстінде.

Бүгінгі жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр экономиканың анағұрлым зардап шеккен салаларында бизнес ахуалына мониторинг жүргізуге арналған жедел штабтың құрылуы туралы хабарлады.

  «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов бизнес және мемлекеттік органдардың бірлескен жүйелі жұмысы арқылы ғана кәсіпкерліктің жүйелі мәселелерін ерте танып, уақтылы шешуге мүмкіндік жасалады деп атап өтті.

ҚР Премьер-Министрінің кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі  кеңесшісі Дана Жүнісованың айтуынша, жедел штабтың міндеттері болып келесі шаралар белгіленді:

 - Өңірлерде кәсіпкерлік белсенділік ахуалына және бизнес жүргізу жағдайларына карантиндік шаралардың әсер етуіне мониторинг жүргізу;

- Шағын және орта кәсіпкерліктің ең көп зардап шеккен салаларындағы субъектілер саны, олардың жұмыспен қамтылу, қаржылық жағдайы туралы тиісті мәліметтерді қалыптастыру;

- Кәсіпкерлік қызметті қалпына келтіру және дамыту, жұмыспен қамтуды сақтау бойынша жедел және жүйелі ұсыныстар әзірлеу.

 Бизнес ахуалы жайындағы жедел деректер апта сайынғы негізде үш негізгі дереккөз: әкімдіктер, өңірлік кәсіпкерлер палаталары және тікелей бизнес өкілдері тарапынан жинақталады. Осылайша бизнес өз жағдайы мен түйткілді мәселелері жайында тікелей хабарлай алады.

Кәсіпкерлерге қысқа әрі нұсқа онлайн сауалнама құрылғанын атап өтпекпіз. Оны толтыру үшін мына сілтемеге өту керек.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер