«Атамекен» ҰКП Салық әдістемесі жөніндегі кеңестің отырысы өтті
15 маусым күні мемлекеттік органдар, Ұлттық палата өкілдері, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен «Атамекен» ҚР ҰКП Салық әдістемесі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде Бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру және салық салуды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы жанындағы қосалқы топ мүшелерінің ұсыныстары кестесінің 4 тармағы болды
Бірінші кезекте Кестенің бейрезиденттерден (салық салынатын кірістің 3%-ы деңгейінде) (басқарушылық, маркетингтік, франчайзинг, консультациялық және т.б.) алынған «материалдық емес» есептеулерді шектеуге қатысты 10-тармағы қаралды. Пікірталастан соң Кеңес мүшелері талқыланып жатқан ұсыныстың нақты экономикалық және құқықтық негіздемелерінің болмауы себепті аталған ұсынысты қолдамау туралы шешім қабылады. Кеңестің ұсынымы – ұсынысты қайта қарау және толықтыру.
Сонымен қатар Жұмыс тобы мүшелерінің оффшорлық юрисдикцияға барлық транзакциялар бойынша 15% мөлшерде алым белгілеуге қатысты ұсынысы Кеңес тарапынан қолдау таппады. Талқылау кезінде айтылғандай, қолданыстағы заңнамада қазақстандық салық төлеушілердің оффшорлық юрисдикциялармен жасалатын операцияларға деген «қызығушылығын» азайту бойынша шаралар қарастырылған, атап айтқанда «оффшорлық» компаниялардың ҚР көздерінен алған кез келген кірістеріне қызмет көрсету және жұмысты орындау орнына қарамастан 20% мөлшерде корпоративті табыс салығы салынатыны белгіленген. Кеңес мүшелері аталаған ұсынысты күн тәртібінен алып тастауды ұсынды.
Жеке тұлғалар кірістерінің әр түріне, соның ішінде кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістерге, азаматтық-құқықтық келісімшарттардан алынған кірістерге және еңбекақыға салық жүктемесін кезең-кезеңімен теңестіру туралы ұсынысты қайта қарау және нақтылау қажет. Кеңес мүшелерінің пікірінше, талқыланып жатқан ұсыныстың нақты экономикалық және құқықтық негіздемесі, сондай-ақ ұсынылған тезистерді растайтын талдамалы материалдар жоқ.
Күн тәртібінде көтерілген соңғы мәселе Жұмыс тобы мүшелерінің мүлікке салықты тағайындау үшін салық салынатын базаны анықтауға қатысты ұсынысы болды, бұл ұсыныс объектінің нарықтық бағасы тұрғысынан аталған кезеңде әлі жетілмеген, сондықтан Кеңес тарапынан қолдау таппады.
Кеңестің барлық ұсынысы хаттамаға жазылып, ары қарай қарау мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жіберілетін болады. Сонымен қатар Кеңес мүшелерінен келешекте салық салу саласындағы сарапшылармен салық базасын анықтау әдістемесін жетілдіруге қатысты мәселелерді қарастыру және талқылау туралы ұсыныс түсті.
Отырыстың толық бейне жазбасымен МЫНДА танысуға болады
Пікір қалдыру:
Пікірлер: