«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Премьер-министр кәсіпкерлік саласындағы негізгі мәселелерді шешуді тапсырды

2020 жылғы 11 Маусым
2031 просмотров

Бүгін Премьер-Министр Асқар Маминның төрағалығымен Қазақстанның бірқатар аймақтарындағы бизнес өкілдерімен селекторлық кеңес өтті. Іскерлік белсенділікті қалпына келтіруге бағытталған басқосуда ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, туризм, қоғамдық тамақтану, сауда, құрылыс, білім беру, өндіріс салаларындағы қазіргі проблемалар көтерілді.

Премьер-Министр кәсіпкерлердің өтініштерін тиісті министрліктер мен облыстардың әкімдіктеріне жедел қарастырып, оларды шешу бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың жүйелік мәселелерін экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияға тапсыруды міндеттеді.

«Үкіметтің міндеті - кәсіпкерлік қызметті қалпына келтіру үшін барлық жағдайды жасау. Бизнестің дағдарысқа дейінгі деңгейге тез оралуы үшін бар күшімізді салуымыз керек», - деді А. Мамин.

Ал «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Т.Құлыбаев кәсіпкерлердің талап-тілегін ескеріп, жаппай жұмыссыздықты болдырмау үшін ахуалдық орталық құруды ұсынды.

«Біз өз ұсыныстарымызды мемлекеттік комиссияда қарауға жолдадық. Мұндағы негізгі мәселе - жұмыс істеп тұрған бизнес пен жұмыс орындарын сақтауға қатысты. Сіз карантин мен ТЖ енгізілгенге дейін жұмыс орындарын сақтау жөніндегі Ұлттық палатаның ұстанымын білесіз. Бизнес мәселелеріне тек нарықтық көзқараспен ғана қарау мүмкін емес. Өйткені бұл адамдар нарықтағы ахуалдан ғана емес, төтенше жағдай режимін енгізуден де зардап шекті. Біз сізден зардап шеккен секторларға қолдау көрсетуді сұраймыз. Сондықтан жұмыспен қамту мониторингі үшін ахуалдық орталық құруды ұсынамыз және қолдауды сұраймыз», - деді кездесуде «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев.

Құрылыс саласына қатысты өз ұсыныстарын «Global Expert Development Group» ЖШС Басқарушы директоры Алтынгүл Мұстафина жеткізді. Оның сөзінше, еліміздің ірі мегаполистерінде тұрғын үйді сату көрсеткішінің төмендегені байқалады. Бұл елдегі құрылыс саласына айтарлықтай залалын келтіруі мүмкін. Яғни, мердігер компаниялар шығынға ұшырау қаупінде. Сол үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтерлердің максималды құнын шектеуді алып тастау керек. Сондай-ақ, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 7-20-25 бағдарламасы бойынша пәтер алу мүмкіндігін 25 млн. теңгеден 35 млн. теңгеге дейін ұлғайту керектігі айтылды. Серіктестік директоры бұл тұрғыда көршілес Ресей Феферациясындағы жағдайды мысалға келтірді.

«Халық арасында сату мен өтімділікті арттыру үшін Ресейдегідей жеңілдетілген ипотеканы 6%-ға дейін ұлғайту мақсатында қайталама нарық үшін ипотекалық бағдарламаларды дамыту керек. ҚР Үкіметінің № 224 Қаулысына сәйкес, құрылыс саласын қосу жолымен ЭҚЖЖ тізбесін кеңейту, еңбекақы төлеу қорынан есептелетін салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді босатуды сұраймыз», - деді.

Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе маусымдық жеміс-жидектерді экспорттау. Елдегі дихандардың еңбегін еш кетірмеу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті бекіткен ҚР шекарасынан өту кезіндегі кейбір талаптарды қайта қарау болды. Кәсіпкерлер 2020 жылдың 11 мамырынан бастап халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілердің елден шығуына рұқсат берілсе де бұл мәселені шешпегенін алға тартады. Себебі, шекарадан өту кезінде бір жүк машинасына 2-ден көп жүргізуші болмауы тиіс. Демек, жүкті қабылдаушы елде сатуды ұйымдастыру үшін үшінші тараптың, жүк иесінің өзі өтуі қажет екені ескерілмеген. Бұл мәселені «Хан Тәңірі» ӘКК директоры Бекен Белкешов қайта қарап, реттеуді сұрады.

«Биыл Түркістан облысында ерте пісетін қырыққабатты сатумен байланысты проблемалар болды, КВИ-ге байланысты сұраныс күрт төмендеді. Бірлескен күш-жігердің көмегімен МИО және ҰКП қырыққабат көлемінің бір бөлігін Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сатуға жәрдемдескен болатын. Шамамен алдағы 10 күнде қарбыз бен қауын піседі. Түркістан облысында 500 шаруа қожалығы 4,5 мың гектар жерге қауын отырғызды. Қазіргі есеп бойынша, алғашқы егіннен 25 мың тонна өнім жиналады. Оларды сатуды жүзеге асыру экспортқа бағытталған», - деді ол.

Елде ТЖ жарияланған уақытта сақтық шаралары үшін медициналық құралдардың жетіспегені белгілі. Сондықтан бұл бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындарға қолдау қажет. Әсіресе, сырттан алынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша экспорттаушы елдермен мемлекетаралық деңгейде келіссөздер ұйымдастыру маңызды. Себебі, пандемия кезінде экспорттаушы елдер медициналық өнімдердің бағасын көтеріп жіберген. «Супер-Фарм» ЖШС директоры Қайрат Каймолдаевтың сөзінше, пандемия кезінде медициналық құрылғыларға сұраныс күрт өсіп, сол себепті шикізаттың барлық қорлары пайдаланылған. Ал наурыз айынан бері шикізат сатып алынбаған. Бұл Ресей мен Қытайдың өз үкіметінің тапсырысы бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін өнімдер шығаруымен байланысты. Қазір Қытайда материалдар бағасы 10 есе өскен. Бүгінде серіктестік өндірісі сәуір айының ортасынан бастап тоқтатылған. Сонымен бірге, «СК-Фармация» ЖШС-нің келісімшарттық жеткізілімдері бойынша міндеттемелер бұзылып отырған көрінеді.

«Тоқыма емес мата шығаратын фабрика (SMS) салу жөніндегі жаңа жобаны қаржыландыру үшін несиелік желілер қажет болады, бірақ кепілзаттың болмауына байланысты қаржыландыру кезінде қиындықтар күтіледі. Менің ұсынысым, медициналық мақсаттағы бұйымдарды үздіксіз шығару мақсатында шетелдік өндірушілерімен келіссөздер жүргізу, тағы бір тоқсанға жеңілдіктер қарастыруды сұраймыз», - деді ол.

Сонымен бірге, кәсіпкерлер Үкімет басшысына субсидиялар, жеңілдетілген несиелер және ағымдағы қарыздарды қайта құрылымдау, несие төлемдерін кейінге қалдыру, ауылшаруашылық техникаларын лизингке беру, тарифтерді белгілеу, отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік және квазимемлекеттік секторды сатып алуға қатысуын одан әрі арттыру, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар мен міндеттемелерді орындау мерзімдерін қайта қарау туралы ұсыныстарын айтты.

 

https://atameken.kz/ru/news/36641-atameken-sovmestno-s-pravitel-stvom-gotovit-plan-podderzhki-ekonomiki-iz-za-koronavirusa

Еншілес ұйымдар

Серіктестер