«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өндірістің өз адамы

2020 жылғы 10 Маусым
- Маңғыстау облысы
2748 просмотров

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнай дайындау және өткізу цехында сусыз-дандыру, тұзсыздандыру қондырғыларының операторы Серікқали Бисенов еңбек етеді

«Атыраудың алабының бәрі есте...» деп атақты Табыл ақын жырлағандай, ол қазақы қаймағы бұзылмаған ауылдардың бірі - Тасшағылда туды. Балалық пен жастығының бал шағының куәсі – туған жерін аңсайтыны. Сонда өсіп-жетілді, сол жерде білім алды. Орта мектепті бітіргесін әскер қатарына алынды. Одан келгесін кәсіптік- техникалық оқу орнына токарьлар даярлайтын бөлімге құжаттарын тапсырып диплом алып, маман атанды. Жастайынан еңбекке араласты. 1990 жылы «Комсомольскнефть» мұнай-газ өндіру басқармасына жұмысқа орналасты. Міне, Қаламқас кенорнында отыз жыл үзіліссіз табысты да үлгілі еңбек етіп келеді.

«Осы мамандықты игергеніме еш өкінбеймін, керісінше мақтан тұтамын. 1995 жылдан бастап аға оператор болдым. Әрине, жұмыс өте жауапты, күрделі. Берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындау, үзіліссіз жұмыс істеп тұрған қазандықтардың шуылы, сағаттар бойы тікеңнен тік тұру сияқты өзіндік қиындықтары да жетерлік. Бірақ, күнделікті өндіріске қажетті жұмысты атқарып, ортақ іске титтей де болса өз үлесіңді қосқанда бар қиындықты ұмытып өз кәсібіңнен ләззат аласың» – дейді ағамыз.

Серікқали Бисенов еңбек ететін мұнайды кешенді дайындау және өткізу цехындағы жұмыстардан кейін мұнай сатылымға әзір, бірер сағатта жаһан асуға дайындалады деген сөз. Сол үшін қарамағындағы сусыздандыру, тұзсыздандыру қондырғыларының операторларымен бірге келген мұнайды қазандыққа жинап, оны сораптармен сорып, мұнай дайындау қондырғысына құяды. Одан әрі сұйықтықты тұндыратын қондырғылар суын айырады, электрогенератор сәйкесінше мұнай құрамындағы тұзын анықтайды. Егер мемлекеттік стандартқа сай келсе, «ҚазТрансОйл» мекемесіне тапсырады.

Өндіріс қателікті кешірмейді, кез-келген төтенше жағдайларға дайын болуың керек. Осы ретте Серікқали ағаның есіне бір оқиға түсіп, аз-кем жымиып алды.

«Бір күні өндіріске жергілікті арнадан журналистер келіп, біздің цехты түсіріп жүргенде, кенеттен құбыр жарылып, май атқылай бастады. Сол кезде бүкіл бригада бір-бірімізді айтқызбай-ақ түсініп, жайылған қара майды жарты сағатта-ақ қолмен тазалап, жылан жалағандай еткеніміз есімде. Әрине, өндірістің осындай өз қиыншылықтары мен тосын оқиғалары бір әңгімеге сыймайды ғой», – дейді мұнайшы ағамыз.

Кейіпкеріміз атадан балаға мирас боп қалып, осы күнге дейін жеткен кәсіптің бірі – ұсталық өнерді игерген. Бос уақытында ұсталық өнерінен де қол үзбей, немерелерін еңбекке баулиды. Балалары бүгінде ержетіп бір-бір мамандықты игеріп, табысты еңбек етуде.

Серікқали аға Компания тарапынан алған алғыс хат, грамоталар, мерекелік «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 40-жылдығына орай төсбелгісін жылдар бойғы еңбегінің өтеуі деп, келер күніне үмітпен қарайды. Ол үміті – өзінен тараған ұрпағының болашағы, туған компаниясының ырыс-берекесінің ортаймауына ықылас-тілегі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер