«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Елімізде жекеменшік балабақшалар жабылу қаупінде

2020 жылғы 26 Мамыр
6795 просмотров

Карантиннен кейін жекеменшік 4428 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмысын тоқтатуы мүмкін. Бұл 339 мыңға жуық бала балабақшаға бара алмайды деген сөз. Онсыз да балақайларды мемлекеттік балабақшамен қамту мәселесі күйіп тұрғанда бұл жағдайды одан әрі ушықтырады. Бұған осы жылдың 12 мамырынан бастап мемлекеттік тапсырыс тек нақты балалардың саны үшін төленетіндігімен байланысты. Ал қазір балабақшаларда кезекші топта небәрі 15 бала тәрбиеленуі керек деген талап бар. Ал топтағы санаулы балаға көрсетілетін қызмеке қарамастан балабақша құрылтайшылары қызметкерлерге толық көлемдегі ақы төлеуге міндетті.

Бұл шығынды ата-аналардың қаржысы есебінен өтеу мүмкін емес. Өйткені, әр балаға шығатын шығын ай сайын қомақты қаржыны құрайды. Осы және өзге де мәселелер бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған жекеменшік балабақша құрылтайшылары, үздіксіз білім беру қауымдастығы, сондай-ақ, "Біліминвест" қауымдастығы өкілдері қатысқан басқосуда айтылды.

- Соңғы екі апта көлемінде жекеменшік балабақшалар қаржы мәселесіне қатысты өз проблемаларын айтып шағымдар түсіруде. Бұл мәселелер уақыт өте шешіледі деген үміт бәрімізде болған. Алайда жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік тапсырыстар тек мекеме қызметін пайдаланған бала санына қарай беріледі және қызметкерлерін қаржымен құрылтайшылар өздері қамтуы керек деген талап та бар екен. Ал шығынды ата-аналар өтей ала ма? Әрине, жоқ. Оның үстіне, көптеген қазақстандықтар балабақшаға балаларын жіберуден бас тартуда. Бұған қаржы мәселесі мен елдегі карантин себеп, - деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

Төтенше жағдай туындағанға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеген жеке мектепке дейінгі ұйымдар жалақы, коммуналдық қызметтер, жалдау және салық төлемдерінен қомақты қарыздар жинап, жұмыс істеуге мәжбүр болған. Өйткені «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының әлеуметтік кепілдемесі кәсіпкердің мойнында. Бұл жеке балабақшаларды жан басына қаржыландыру әдістемесінің енгізілуімен де байланысты болып отыр.

-        Біз 2014 жылдан бері жан басына шаққанда 23 869 теңге көлемінде әр балаға қаржы алып келдік. Жыл сайынғы қымбатшылық мәселесі ескерілмеді. Тек 2017 жылы жаңа әдістеме қабылданды. Бірақ ол әлі күнге іске асырылмады. Енді оны да мемлекет топтағы бала санына қарай берер болса, жекеменшік балабақшалар жабыла бастайды. Оның үстіне, қызметкерлерді материалдық қолдау құрылтайшы мойнына жүктелді. Бұл негізсіз. Біз ата-аналар қалтасынан өтелетін қаржыны 16 мың теңгеден асыруға құқығымыз жоқ. Оған қоса, қазір ата-аналар да балаларын балабақшаға беруден қорқады, - деді жиын барысында Шолпан Утегенова.

Айта кетейк, мектепке дейінгі білім беру саласында жекеменшік балабақшалардың 60% -дан астамы ата-ана төлемі есебінен мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істейді.

- Алматы, Шығыс Қазақстан облысының білім бөлімдері мемлекеттік тапсырыс бойынша нақты жауап бере алмай отыр. Олар жоғарыдан бұйрық күтіп отырғандықтарын жеткізді. Біз қазір аталған мәселені Үкіметке жолдадық. Әзірге ешқандай жауап келмеді. Қазір Алматыда жекеменшік 4102 балабақша бар. Міне, солардың арасында 60 балабақшаның жағдайы өте нашар. Өйткені, олар осы уақытқа дейін мемлекеттік тапсырыс алмады, - деді «Biliminvest» қауымдастығының вице-президенті Күлянда Батырбекова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер