«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жамбыл облысында карантиндік шараларды жеңілдету туралы

2020 жылғы 29 Сәуір
- Жамбыл облысы
6915 просмотров

ҚР Президентінің және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысы әкімдігінің жедел штабы 2020 жылдың 28 сәуірінде рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту және карантин режимін жеңілдету туралы шешім қабылдады.

Атап айтқанда, енді өңірде азық-түлік емес тауарлары: тұрмыстық химия және шаруашылық тауарларын сату бойынша ұсақ сауда нысандарының (ауданы 100 шаршы метрге дейін) қызметіне рұқсат етіледі.

Сондай-ақ, автокөлік сататын дүкендердің, авто қосалқы бөлшектер сататын дүкендердің (автомобильдік қосалқы бөлшектерді сату жөніндегі базарларды қоспағанда), көлік жуу, ТҚС, ломбардтар, валюта айырбастау пункттері, нотариалдық және адвокаттық кеңселер, тігін және аяқ киім шеберханалары, химиялық тазалау және кір жуу орындары ашылады.

Бұл нысандар сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Жұмысты қайта бастау үшін міндетті шарт – барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау болып табылады: санитарлық тазартқыштардың, медициналық бетперделер мен қолғаптардың және т.б. болуы.

Осы орайда облыс тұрғындары тұрғылықты мекен жайы немесе жұмыс орнына жақын орналасқан аталған нысандарға бара алады.

Әлі де ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, кинотеатрлардың, монша кешендерінің, компьютерлік клубтардың, фитнес-орталықтардың, тұрмыстық техника дүкендерінің, киім-кешек дүкендерінің және адамдар көп жиналатын басқа да орындардың қызметіне тыйым салынған.

Аталған нысандар кезең-кезеңімен ашылатын болады.

Алдағы күндері жергілікті атқарушы органдардың мобильдік топтары санитарлық нормалардың сақталуын тексеріп, әрбір кәсіпкермен тиісті меморандумдар жасасады. Егер санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда, мобильдік топтар кәсіпкерлік нысанының қызметіне тыйым салуға құқылы.

Бұдан басқа, тұрғындарға сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін және сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін үш адамнан аспайтын (бір отбасы мүшелерін қоспағанда) тұрғылықты жеріне жақын маңда қысқа мерзімді серуендеуге (30 минутқа дейін) рұқсат етіледі. Бұл ретте азаматтарға басқа адамдармен ара қашықтықты сақтау қажет.

Жамбылдықтарға сағат 07.00-ден 10.00-ге дейін саяжайларға шығуға болады және кері қайтуға сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін рұқсат етіледі.

Такси қызметінің жұмысы сағат 06.00 – ден бастап бір сағатқа, яғни сағат 21.00 - ге дейін ұзартылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер