«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Карантин: Кәсіпкерлер палатасы қызылордалық дихандардың 3 мәселесін шешіп берді

2020 жылғы 28 Сәуір
- Қызылорда облысы
3625 просмотров

Елімізде жарияланған төтенше жағдай мен Қызылордада енгізілген карантин ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге қалай әсер етті? Мәселе қалай шешілді? Бұл материалда осы сауалдарға қысқаша тоқталып өтпекпіз.

Төтенше жағдайға орай Президент әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарын өндіруші кәсіпкерлерге  қатысты қосымша құн салығын 12 %-дан 8 %-ға дейін түсіруге тапсырма берген болатын. Қабылданған бұл шешім 1 қазанға дейін күшінде болады екен. Ол тапсырмасы іске аса да бастады. Алайда бұл жеңілдікті күрішшілердің ала алмай қалу кауіпі болды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізілімі Үкіметтің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 141 қаулысымен бекітілген. Бұл құжат күрішшілердің түсініспеушілігін тудырды. Себебі Үкіметтің қаулысындағы тізілімде күріш «ақталған домалақ дәнді күріш» деп көрсетілген. Ал отандық күрішшілер тек орташа дәнді ақталған күріш шығарады. Құжатта бар, қолданыста жоқ күріш осы саладағы кәсіп иелеріне айтарлықтай жүк болуы мүмкін еді. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары мәселені жан-жақты саралап, «Атамекеннің» Орталық аппаратына проблеманы жеткізді. Өз кезегінде Орталық аппараттан ұсыныс тиісті министрліктерге жетті. Палатаның ұсынысына Мемлекеттік кірістер комитеті ресми түсіндірме беріп, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне (ОКЭД) «орташа дәнді ақталған күріш» деп енгізді. Нәтижесінде күрішшілер жеңілдікке қол жеткізіп, проблемасы оң шешілді.

Келесі мәселе күріштің экспортқа шығуына қатысты. Еуразиялық экономикалық комиссия дүние жүзінде жарияланған пандемияға орай бірқатар азық-түлік түрлерін осы жылдың 30 маусымына дейін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен өзге елдерге  шығаруға тыйым салып, оның ішінде күріш те еніп кеткен болатын. Бұл жаңалық қызылордалық дихандар үшін айтарлықтай проблема болды. Облыстағы ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері осы жылдың күз мезгіліне дейін үшінші елдерге экспортқа күріш жеткізіп беру үшін алдын ала ұзақ мерзімді келісім-шартқа қол қойып қойған. Бұл саладағы кәсіпкерлеріміздің негізгі табысы экспортқа тәуелді. Сондықтан да Кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» орталық аппаратына ұсыныс жіберіп, өз кезегінде Орталық аппарат шұғыл тиісті министрліктерге шығып, кәсіпкерлердің проблемасын жеткізді. Нәтижесінде, қазақстандық күріш экспортқа кедергісіз шығатын болды.

Аймақта көктемгі дала жұмыстарының басталуы карантин режимімен қатар келді. Салдарынан ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер, өзге де құрал-саймандар болмай, шаруалар қиналып қалды. Кәсіпкерлер палатасының мамандары бұл проблеманы облыстық жедел штабтың алдында көтеріп, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің өтініші негізінде Қызылорда қаласында аталмыш саладағы техникаларға арналған қосалқы бөлшектерді сататын кәсіпкерлердің тізімі әзірленіп, жұмыс жасауына рұқсат берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер