Көкөніс экспорты жаңартылды – пияз, қырыққабат және сәбізді сыртқа шығаруға шектеу алынып тасталды
Бизнестің бірнеше рет жасаған өтінімдері мен келіссөздер нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған көкөністерді экспорттауға тыйымды алып тастау бойынша шешім қабылдады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы аумағынан жекелеген тауарларды шығаруды шектеу бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Шектеу қолданылған тауарлар тізімінен пияз, қырыққабат және сәбіз алынып тасталды.
Осылайша, егер жақында ғана пиязды экспорттауға толық тыйым салынған болса, ал қырыққабат пен сәбізге квоталар қолданылса, енді жоғары аталған өнімді еш кедергісіз экспорттауға болады.
«Бұл дер кезіндегі шара – деп санайды «Атамекен» ҰКП АӨК департаментінің директоры Нұрлыбек Мұқанов – өйткені экспорттық нарықтардың жабылуы көкөністер егістеріне теріс әсер етті».
Мысалға, пияз отырғызатын алқап 5 мың гектарға (4 мың га Жамбыл облысында, 1 мың га Алматы облысында) немесе 15 пайызға қысқарған. Түпкі нәтижесінде бұл жайт тұтынушылар үшін өнімнің қымбаттауына әкеп соғар еді.
«Пиязды егу мерзімі әлі аяқталған жоқ, сондықтан шекараның ашылуы шаруаларды алқаптарды көбейтуге ынталандырады деген ойдамыз», – деп атап өтті Мұқанов.
Бұйрық тіркеу кезеңінен бастап күшіне енеді және 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әрекет етеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: