«Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясының басшысы Зиятхан Гасанов коронавирустан көз жұмды
57-жасқа қараған шақта өз ісінің шебері, Қазақстанның фармацевтика саласына өлшеусіз үлес қосқан жоғары кәсіби маман, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Фармацевтика, медицина өнеркәсібі мен медициналық қызметтер комитетінің мүшесі, «АбдиИбрахимГлобалФарм» ЖШС бас директоры Зиятхан Гасанов өмірден өтті
Зиятхан Ахмедұлы Гасанов 1963 жылдың 17 маусымында Шымкент қаласында дүниеге келді.
1988 жылы – Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» мамандығы бойынша аяқтады. Өзінің кәсіби қызметін Шымкент қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасында дәрігер болып бастап кейін бас дәрігердің орынбасары болады.
2005 жылдан «СП ГлобалФарм» ЖШС-на өңірлік менеджер болып жұмыс істейді. 2008 жылдан «СП ГлобалФарм» ЖШС директорлығына тағайындалды.
2012 жылдан екі фармацевтикалық компанияның бірігуімен құрылған «АбдиИбрахимГлобалФарм» ЖШС компаниясына жетекшілік етті.
Атқарған еңбегі үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрмет грамотасы, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі, «Денсаулық сақтаудың үздігі» төс белгісі және ҚР Үкіметі, «Nur-Otan» партиясының құрмет грамоталарымен марапатталған.
Зиятхан Гасанов сүйікті ісіне бүкіл күш-жігерін сарп етіп, мамандығының нағыз жанашырына айналды. Ол алғашқылардың бірі болып медицина қызметкерлері мен қазақстандықтарға коронавирус инфекциясымен күресте көмектесті. Зиятхан Ахмедұлы еңбекқорлығы және адамгершілігімен бізге қашанда үлгі болып қалады.
«Атамекен» ҚР ҰКП және ҰКП Фармацевтика, медицина өнеркәсібі мен медициналық қызметтер комитеті Гасанов Зиятхан Ахмедұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: