«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылорда: Құжатта бар, қолданыста жоқ күріш кәсіпкерлерге кедергі келтіруде

2020 жылғы 07 Сәуір
- Қызылорда облысы
4704 просмотров

Елімізде жарияланған төтенше жағдайдан кейін Президент әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарын өндіруші кәсіпкерлерге  қатысты қосымша құн салығын 12 %-дан 8 %-ға дейін түсіруге тапсырма берген болатын. Қабылданған бұл шешім 1 қазанға дейін күшінде болады екен. Ол тапсырмасы іске аса да бастады. Алайда бұл жеңілдікті күрішшілердің ала алмай қалу кауіпі «төніп» тұр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізілімі Үкіметтің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 141 қаулысымен бекітілген. Бұл құжат күрішшілердің түсініспеушілігін тудыруда.

Себебі Үкіметтің қаулысындағы тізілімде күріш «ақталған домалақ дәнді күріш» деп көрсетілген. Ал отандық күрішшілер тек орташа дәнді ақталған күріш шығарады. Құжатта бар, қолданыста жоқ күріш осы саладағы кәсіп иелеріне айтарлықтай жүк болуы мүмкін.

Өткен аптада Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары мәселені жан-жақты саралап, «Атамекеннің» Орталық аппаратына проблеманы жеткізді. Өз кезегінде Орталық аппараттан ұсыныс тиісті министрліктерге кетті.

«Мәселе шешімін табады деп үміттенеміз. Себебі біздің кәсіпкерлер қазір шот-фактураларын қосымша құн салығына қатысты әр түрлі пайызбен беруде. Егер Үкіметтің қаулысына өзгеріс енбей қалса кәсіпкерлерімізге зияны тиеді», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Айта кету керек, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының тұрақты жұмыс жасайтын «жедел желісі»: 8 /7242/ 40-09-81 немесе 8 777 764 33 11 нөміріндегі call-орталыққа хабарласа алады.

Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарласуға арналған байланыс құралдары: 1432, 8 778 870 14 32.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер