«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан мен Бахрейн арасында алюминий өндірісі жөнінде келісім жасалды

2014 жылғы 14 Сәуір
4498 просмотров

Қазақстан Бахрейн Корольдігінің көмегiмен Павлодарда алюминий өңдейтiн арнайы аймақ құруға мүдделi, деп хабарлайды 24kz.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Әсет Исекешев Бахрейн Королі Хамад бен Иса Аль Халифаның Қазақстанға ресми сапары аясында өткен «Қазақстан-Бахрейн» бизнес форумында мәлімдеді. Бахрейн тарапынан 40-қа жуық ірі компания өкілдері Қазақстан кәсіпорындарымен ынтымақтастық құруға ниетті.

Бахрейнде 800 мың тоннадан астам алюминий өңделедi. Қазақстан да бұл шикізаттың қорына бай. Еліміз жылына 250 мың тонна алюминий алынады. Болашақта бұл көрсеткішті 500 мың тоннаға дейiн өсіру көзделуде. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл металды өңдеу жоспарланып отыр. 

Әсет Исекешев , ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі:

- Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қос тарап та мүдделі. Біз өз тарапымыздан, инвестициялар мен өнеркәсіп саласында ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге әзірміз. Ауылшаруашылығы, туризм мен банк секторы салаларында ынтымақтастық орнатудың әлеуеті зор. Бүгін, сондай-ақ, екі елдің шағын және орта бизнесін дамыту мен алюминий өңдеу салаларында ынтымақтастық орнатылады. Әзiрге бiз жылына осы металдың 25 мың тоннасын өңдеймiз. Сондықтан мұнда үлкен әлеует бар. Бiз Павлодарда алюминий өңдеудiң арнайы субаймағын құруға дайынбыз.

Форумда ынтымақтастық туралы 8 маңызды құжатқа қол қойылды. Осының арқасында ҚРИндустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Бахрейн Корольдігінің өнеркәсіп және сауда министрлігі арасында өзара келісім орнады. Мұнымен қатар, екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері іскерлік кеңес құру туралы ымыраға келді. Тараптар бұл кеңестің екі елдің бизнесі арасында ынтымақтастық орнатуға көмектеседі деген сенім білдіруде. Сондай-ақ, форумда «Бахрейн Мумталакат» холдингі мен «Бәйтерек», «Самұрық-Қазына» компаниялары, «ҚазАқпарат» пен Бахрейн Корольдігі ақпарат агенттігі арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Хасан Абдулла Фахро, Бахрейн Корольдігінің өнеркәсіп және сауда министрі:

- Түрлі салаларда бірлескен кәсіпорындар құруға ниеттіміз. Арамыздағы ынтымақтастық инвестициялар орталығы болып саналатын тек Байхрейннің әлеуетін артырып қана қоймай, Қазақстанға да тиімді болады деп сенеміз. Бүгіндеекі ел арасында байланыс бар, бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан Бахрейн Королі Хамад бен Иса Аль Халифаның Қазақстанға ресми сапары аясында көптеген келіссөздер жүргізіледі. 

Маңызды басқосуда тараптар исламдық қаржыландыру саласында да ынтымақтастық орнатуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Айта кетейік, исламдық банк жүйесі Бахрейн үшін ең үлкен құндылықтардың бірі болып табылады.

Әсет Исекешев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі:

- Президент тапсырмасына сәйкес исламдық қаржыландыру бойынша заң жобасын қабылдадық. ТМД, Орталық Азия елдері үшін ислам банкингі бойынша өңірлік хабты дамытуды көздеп отырмыз. Таяу Шығыста Манаманың өңірлік ислам қаржылық орталығы екенін ескере отырып, сіздердің бұл саладағы тәжірибелеріңізді зерттеп, ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер