«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Құлыбаев Қазақстанның алғашқы бизнес-омбудсменін марапаттап, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа уәкілді құттықтады

2020 жылғы 25 Ақпан
8452 просмотров

 «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев алғашқы бизнес-омбудсмен Болат Палымбетовті жұмысының сәтті аяқталуымен құттықтап, ҰКП-ның «Ісіне адалдығы үшін» 1-дәрежелі медалін  табыстады.  Марапат экономика және жеке кәсіпкерлік саласындағы ерекше жетістіктер үшін беріледі

 «Осыған дейін бизнес-омбудсмен институты болған жоқ. Болат Әбілқасымұлы – ел тарихындағы алғашқы бизнес-омбудсмен. Сіз жоғары планкаға қол жеткіздіңіз, ендігі бизнес уәкілдерге де осы деңгейге сай болу керек. Атап өтейін, бұл біздің бірлескен жұмысымыздың жемісі, соның нәтижесінде қысқа ғана мерзімде аталған институт қалыптаса алды. Алғашқы бизнес-омбудсмен өңірлермен жұмысты жолға қойды, былтырдан бастап облыс әкімдерімен Жол карталарын бекіту жұмысы басталды, онда бизнестің барлық жүйелі мәселелері көрініс тапты. Барлық өңірлер үнемі байланыста болып, кәсіпкерлер қорғау шаралары жайында білуі үшін осы жұмысты жалғастыру абзал. Барлық құқық қорғау органдарымен толыққанды өзара қатым-қатынас жолға қойылған. Мемлекеттік органдар аталған институттың маңызын түсінеді. Атқарған қызметіңізге толықтай көңілім толды. Қажырлы еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін», – деді Тимур Құлыбаев.

 «Атамекен» басшысы  24 ақпан күні Мемлекет басшысының өкімімен қызметке тағайындалған Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа уәкілі Рустам Жүрсіновты құттықтады. «Атамекен» Төралқа Төрағасы институтқа кәсіпкерлік қауымдастықтармен жұмыста табыс тіледі. Осыған дейін Рустам Жүрсінов «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа уәкілі Апаратының жетекшісі қызметін атқарған.

 «Рустам Манарбекұлы аталған салада жұмыс тәжірибесі мол, алғашқы бизнес-омбудсменмен тығыз жұмыс атқарды. Алда жаңа кезең күтіп тұр. Бизнеспен кері байланыс реттелген, жүйелі мәселелер анықталған. Бизнестің құқықтары мен заңды мүддесін қорғауда заңнама үлкен рөл ойнайды. Барлығымыз тамыры кеңес одағынан бастау алатын, жеке меншікке бағдарланбаған заңнаманы түзетуге тырысудамыз. Мемлекеттік басқару жүйесін реформалауда жетістіктері бар елдерде заңнамалық базаны реформалау «таза парақтан» қағидаты бойынша жүргізілген, яғни ескіні және тиімсіз реттеуді толық жойып, кәсіпкерлік, бәсекелестіктің еркіндігі принциптеріне негізделген жаңаны құру. Бұл Балтық елдері, Грузия, Шығыс Еуропа елдері. Олардың тәжірибесін зерттеп, еліміздегі ахуалға бейімдеп, енгізу қажет», – деді «Атамекен» басшысы.

 Анықтама үшін:

Болат Палымбетов – Қазақстанның алғашқы бизнес-омбудсмены, осы қызметке 2016 жылдың 19 ақпанында Мемлекет басшысының өкімімен тағайындалды және Президентке ғана есеп береді.

 Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша атқарылған жұмыстың 4 жылы ішінде 20 мыңнан астам өтінім қаралды. Бизнес мәселелерінің 70%-дан астамы өңірлік деңгейде шешілді. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлермен жеке кездесулер өткізіліп, олардың жиі кездесетін мәселелері зерделенді.

Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу рәсімдеріне маңызды өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, экономика саласындағы қылмыстық істерді тіркеу 8 есе қысқарды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына және кәсіпкерлік қызмет кедергілеріне қатысты заңнамаға талдау жүргізілді.  

 2019 жылдан бастап облыс әкімдерімен «жол карталарына» қол қою басталды, онда бизнестің барлық жүйелі проблемалары көрініс тапты.

 Қазақстан әлемнің көптеген елімен экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асырып отыр. Сондықтан да басқа мемлекеттердің аумағында отандық бизнесмендердің өз мәселелерімен жалғыз қалмауы біз үшін өте маңызды.  Осы мақсатта Ресей, Өзбекстан және Грузияның бизнес-омбудсмендерімен Өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Осы елдердің бизнес-омбудсмендерімен өзара іс-қимыл аясында бизнесті қорғау мәселелері бойынша ақпарат алмасу жолға қойылған, кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасаған тұлғаларды жауапкершілікке тартуға және олардың мүлкін (тауарларды, ақша қаражатын және т.б.) қайтаруға жәрдем көрсетіледі, сондай-ақ дауларды сотқа дейін реттеу бойынша шаралар қабылданып жатыр.   

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 312-бабына сәйкес Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымындағы мерзімнің аяқталуына байланысты Болат Палымбетов өз еркімен қызметінен босату туралы өтініш жазды. Президент бизнес-омбудсменнің өтінішін қанағаттандырды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер