Алматы кәсіпкерлерінің жартысына жуығы – әйелдер
2020 жылдың 20 ақпанында Doubletree by Hilton Almaty қонақ үйінде әйелдер кәсіпкерлігіне арналған «Women in Business» екінші форумы өз жұмысын бастады
Іс-шараны Алматы қаласы Іскери әйелдер кеңесі Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Форумның бас серіктесі – «Қазақстан Халық банкі» АҚ. Қазақстан Баспасөз клубы ақпараттық және ұйымдастыру тұрғысынан қолдау көрсетті.
Форум бизнес, әйелдер кәсіпкерлігі және әлеуметтік мәселелерге арналған нағыз диалог алаңын құру мақсатында бастау алды. Форум жұмысына экономиканың нақты секторынан 300-ден аса кәсіпкер-әйел, сондай-ақ, тәжірибелі сарапшылар қатысып, олар әйелдер кәсіпкерлігінде кездесетін мәселелерді шешуге арналған өз тәсілдемелерімен бөлісті.
Форум шымылдығын Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ашып, ол әйелдер кәсіпкерлігін дамыту саласындағы жобалар жайында ақпарат берді.
Форум аясында бизнес-ортаны дамыту, әйелерді оқыту және олардың бизнесін қаржыландыруға арналған қолжетімді бағдарламалар, экономикалық саясат, жеңіл өнеркәсіп пен қаланың креативтік индустриясын, қала инфрақұрылымын дамыту, салық төлеу және кәсіпкерлердің жекебас тиімділігін көтеру сынды көкейтесті мәселелер талқыланды.
«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова өз сөзінде былай деп атап өтті: «Біздің елімізде әйелдер бизнеске үлкен ынтамен кірісіп отыр, мұны статистикалық мәліметтер де растайды. Алматыдағы бизнестің 45%-ын әйелдер басқарып отыр: қызмет жүргізіп тұрған 174,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 78 мыңына әйелдер жетекшілік етеді. Республика бойынша бұл көрсеткіш 43%-ға тең (1,2 миллион кәсіпкердің ішінде 536 мыңы әйелдер). Олар өткен жылы «Атамекеннің» ұйымдастырған бизнес-оқуына үлкен қызығушылық танытты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанда 75 мың адам оқудан өтті, олардың 40,7 мыңы (54%) – әйел. «Бастау» жобасы бойынша курстан өткен 55 мың адамның ішінде 30,5 мыңы (55%) да қыз-келіншек. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың түлектің ішінде 10 мыңнан аса жас әйел бар (51%)».
«Әйелдер бизнесін қолдауға арналған құралдар» тақырыбындағы панельдік пікірталасқа «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері қатысты.
«Fashion индустрия креативтік экономиканың қозғалтқышы ретінде» деп аталатын сессия кезінде дизайн-өнімнің ел экономикасына қосатын үлесі жалпы ішкі өнімдегі пайыз көрсеткіші арқылы емес, осы дизан-өнім арқасында қалыптасатын жаңа мәдени парадигма деңгейімен, сондай-ақ, қазақстандықтар арасында және шетелде ел имиджінің көтерілуімен бағалануы тиіс деген идея айтылды.
«Алматы қаласы бұл тұрғыда алғанда жауапкершілігі жоғары миссияны көтеріп отыр: дәл осында еліміздегі басты креативтік өнімдер дүниеге келеді, сондықтан қаланы дамыту кезінде дәл осы саланы қолдап дамытуға басты назар бөлінуі тиіс», – деп атап өтті Mimioriki балалар киімі брендінің негізін қалаушы Инна Апенко.
Форумға қонақ ретінде келесі тұлғалар қатысты: Айнұр Тұрысбек (Ainur Turisbek), Жанель Бертаева (Lenazh), Құралай Нұрқадилова (KURALAI сән үйі), Әсел Әділ (Adili), Ольга Ким (Brosh) – олардың барлығы еліміздегі креативтік экономиканың дамуына күнделікті түрде үлес қосып отырған белгілі әйелдер.
Сонымен қатар, Форум алаңында бизнес тиімділігін көтеру, соның ішінде, әйелдер бизнесіне арналған Agile-тұғыр, жекебас трансформациясының бизнес табысына ықпалы, салық заңнамасындағы басты өзгерістер сынды тақырыптарға арналған шеберлік сабақтары мен практикумдар өтті.
«Біз бұл форумды екінші мәрте өткізіп отырмыз. Қазірдің өзінде бұл іс-шараның бизнес-қауымдастық үшін зор пайдасын көріп, үлкен сұранысқа ие екендігін байқап отырмыз. Жағдайға объективтік талдау жасау, Алматы қаласы әйелдеріне арналған ұсынымдар мен тәжірибелік дағдыларды беру, мұның барлығы біздің жобаны табысты әрі нарық үшін қажетті еттіп отырған факторлар деп ойлаймын», – деп атап өтті Алматы қаласы бойынша Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, Қазақстан Баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: