Рустам Жүрсінов: Сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына салық демалысы қолданылмайды
ҚР Ұлттық экономика министрілігі және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында өткен отырыс барысында кәсіпкерлердің өзекті мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді
Мәселен, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер ағымдағы жылдың ақпан айында екінші жартыжылдыққа салық төлеу бойынша декларацияны тапсыруы тиіс. Мынадай сауал туады: оларға осы салықты төлеу керек пе, жоқ әлде олар төлеуден босатыла ма?
«Егер оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін кәсіпкер ақпан айында салық төлеуге міндеттелсе, оны орындауы керек, өйткені бұл 2019 жылдың міндеттемесі. Үш жыл өткен соң (2020-2022 жылдар аралығы) 2023 жылы салық төлеушілер 2022 жыл үшін салық төлемейді»,– деп түсіндірді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері.
Салық демалысы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жүрмейді. Кәсіпкерлер салық демалысына кімдер жататынын білгісі келді. Сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларын қалай анықтауға болады?
«Кедендік кодексте Сыртқы экономикалық қызметтің қатысушысы ұғымы 153 рет айтылады, бірақ осы ретте бұл ұғымға түсіндіру көрсетілмеген. Біз мұны Сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы – экспорт және импорт қызметімен айналысатын кәсіпкер деп түсінеміз», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігінің мамандары.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Тұрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов осы түсінікке қатысты алаңдаушылықты білдірді.
«Демек, егер кәсіпкер бір ғана экспорттық операцияны орындаса, салық демалысын қолдану құқығынан айырыла ма? Адамдар ертең бұл жайт үлкен салдарға әкелетінін түсінуі қажет. Сіздер осындай шектеулердің салдарын айтып өтулеріңіз керек», – деп санайды Рустам Жүрсінов.
Тағы бір мәселе, егер 2020 жылға деп патентті алдын ала 2019 жылы сатып алып, жұмыс істеп жатқан кәсіпкер не істеу керек?
«Патентті 2020 жылға алып, оған 2019 жылы төлем жасаған тұлғалар патент берілген салық органдарына қосымша есеп тапсыруға құқылы. Сәйкесінше, табыс сомасы сол күйінде қалады. Яғни, 2020 жылдың 2019 жылдағы патентпен орындалып қойған міндеттемелер қайтарылады немесе алдағы төлемдер есебінен есепке алынады», – деп түсіндірді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: