«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарапайым заттар экономикасы: Облыста 85 жоба мақұлданды

2020 жылғы 14 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
7287 просмотров

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 8,7 млрд. теңгеге 85 жоба мақұлданды. Бұл туралы «Атамекен»өңірлік кәсіпкерлер Палатасы хабарлады

 «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту шеңберінде басым жобаларға жеңілдетілген несие берудің бағдарламасы 2019 жылы іске қосылды. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында кедергілерді жедел анықтау және жою мақсатында Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша ҰКП алаңында Жобалық кеңселер құрылды.

Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Дидар Боранқұловтың айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша аймақтық жобалық кеңсенің қарауында жалпы сомасы 24 млрд.теңгеге 127 жоба қаралуда. Оның ішінде 8,7 млрд. теңгеге 85 жоба мақұлданды. Кәсіпкерлік сектор жобаларының басым бөлігі Аграрлық несие корпорациясының оң шешімін алды – 3,5 млрд.теңге сомасына 64 жоба немесе облыс бойынша барлық мақұлданған жобалардың 75,2%. Қалған 21 жобаны екінші деңгейлі банктер мақұлдады.

Яғни, бағдарламаның қаржы операторы ретінде аталған Аграрлық несие корпорациясын енгізу жөніндегі өңірлік Жобалық кеңсенің ұсынысы ақталып, оң нәтиже алды. Бұл сондай-ақ ауыл бизнесі саласындағы жобалар санының статистикасымен расталды. Мысалы, мақұлданған жобалардың 66 мал шаруашылығын, майлы дақылдарды дамытуға, жем-шөп дайындауға және ауыл шаруашылығы өнімдерін бастапқы өңдеуге бағытталған. Бүгінгі күні бұл жобалар іске асыру сатысында тұр. Тағы 10 жоба қаржы институттарында қарастырылып жатыр. Қалған жобалар бойынша құжаттар жинау жүріп жатыр», -деп нақтылады Дидар Боранқұлов.

Мысалы, «АсАмир» ЖШС  «Вкусно» сауда маркасымен 2018 жылдан бастап мұздатылған жартылай фабрикаттарды өндірумен айналысады. Бүгінгі таңда кәсіпорын өзін нарықта сапалы жартылай фабрикаттарды өндіруші ретінде көрсетті. Цехтың жобалық қуаты- 150 тонна дайын өнім, жұмысшылар саны – 25 адам.  Қазір өндірістің жобалық қуатын жылына 450 тоннаға дейін (200%-дан астам) арттыру, қосымша 30 жұмыс орнын құру, өндірілетін өнімнің сапасын әлемдік стандарттарға дейін жақсарту жұмыстары жүргізілуде.

Жоба «Еуразиялық Банк» АҚ-да «басым жобаларды несиелеу тетігі» (қарапайым заттар экономикасы) бағдарламасы шеңберінде, «Даму «кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауымен пайыздық мөлшерлемені кепілдендіру және субсидиялау бөлігінде инвестициялар және айналым қаражатын толықтыру мақсатында мақұлданды.

Бұл жоба «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларын несиелеу тетігі аясында кепілдік беру құралы бойынша қолдау тапты және Ақтөбе қаласындағы «Еуразиялық Банк» АҚ филиалымен қаржыландырылды. Бұдан басқа, компаниялар жылдық 15% мөлшерлемемен несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мүмкіндігін мақұлдады, олардың 9%-ын мемлекет «Даму» Қоры арқылы субсидиялайды.

«Біз шығарылатын өнім желісін кеңейтуге несие алдық. Атап айтқанда, қолданыстағы өндірісті жаңғырту үшін жабдықтар сатып алынуда. Бізде жергілікті компаниялармен шикізат сатып алуға және біздің өңірдің сауда желілеріне дайын өнім жеткізуге келісім бар. Әрі қарай Қазақстанның көршілес облыстарының нарығына шығу жоспарлануда. Жаңғыртудан кейін өндірістік қуаттың бір ауысымда 400 келіден 1800 келіге дейін артуы күтілуде», – деді «АсАмир» ЖШС-нің директоры Жеңіс Дельманова.

Кредит берілетін және жоспарланған жобалардың арасында бұрын өндірілмеген өнім алуға мүмкіндік беретін немесе өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік беретін өндірістік қуаттар бар екенін атап өткен жөн.

Ағымдағы жылы қуаты 5 тонна гофрокартон қорабын өндіру цехын іске қосу жоспарлануда. Жеңілдікпен қаржыландыру өнімнің төмен өзіндік құнын қамтамасыз етуге, жобаның өзін-өзі ақтауын және жалпы өңірдегі осы өнімге импортты алмастыруды қысқартуға мүмкіндік береді.

Өңірлік жобалық кеңсе облыс бойынша 2017-2018 жылдар кезеңіне және 2019 жылдың 8 айында қағаз және гофрокартоннан жасалған қорап нарығы көлеміне талдау жүргізді. Талдау ыдысқа (гофрокартон мен қағаздан) деген тұрақты сұранысты және жоғарыда көрсетілген кезеңде облысқа 235 млн.теңгеден астам сомаға 646 тонна гофракартон әкелінгенін көрсетті. Бұл ретте, өнімге деген сұраныс жыл сайын еселеп өсіп жатыр. 2017 жылы импорт көлемі 19,2 тонна болса, 2018 жылы 344,2 тонна, ал 2019 жылдың сегіз айында 283,4 тонна гофракартоннан ыдыс әкелінді.

"Өнімнің осы сегментіндегі нарықтағы трендті ескере отырып, біз аталған тауарды жеңілдікті несиелеуге жататын тізбеге енгізуді ұсындық. Ұсыныс орталық деңгейде қолдау тапты, бұдан әрі Бағдарламаға тиісті өзгеріс енгізілді. Қаржыландыруды алуға өтінімді банк мақұлдады және қазіргі уақытта жоба инвестициялық сатыда, яғни құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, құрал-жабдықтарды жеткізу жүзеге асырылуда», – деді кәсіпкерлер Палатасының өкілі.

 Бағдарламаны іске асыру барысында бизнестің пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, Үкімет қаулысына бірқатар түзетулер енгізілді және кредит беру шарттары бизнесті жеңілдету, қол жетімділікті қамтамасыз ету және ауқымды қамтуды ұлғайту жағына қарай толығымен қайта қаралғанын атап өткен жөн.

Осылайша, кәсіпкерлерге кредит беру мөлшерлемелері жылдық 8% - дан 6% - ға дейін төмендеді, ал жеңілдетілген кезең енді кредиттің 1/3 мерзіміне ұсынылатын болады. Қарыз сомасының 50% дейін кепілдік беру құралы енгізілді, айналым қаражатын қарыз сомасының 50% дейін толықтыру мүмкіндігі қарастырылды. Несиелендіруге жататын тауарлар мен қызметтердің тізбесі 365-тен 1000 түрге дейін кеңейтілді, Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіштерінің (ЭҚЖЖ) саны 65-тен 124 түрге дейін өсті.

Ақтөбе облысы бойынша балмұздақ, гофракартон, құс еті және фармацевтикалық препараттар, таңқурай өсіру және қайта өңдеу, нан және жаңа ұннан жасалған және кондитерлік өнімдер, бетоннан жасалған құрылыс бұйымдары, хирургиялық және ортопедиялық құралдар және т.б. сияқты аймақ үшін өзекті ЭҚҚЖ енгізілді.

  Сондай-ақ, келесі өзгерістер пакетінде кредиттеу мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайту, жүз пайыз айналым капиталын және несиелендіруге бірқатар тауар позицияларын толықтыру көзделген.

  «Сонымен қатар, кәсіпкерлердің назарына құжаттарды жинауды жеңілдету мақсатында және бағдарламаның әлеуетті қатысушыларын бағдарлау үшін біз бизнестің 10 түрі бойынша дайын кейстер (бизнес-жоспарлар) әзірледік. Бизнестің түрлері бойынша бағыт тауарлар мен өнімдер бойынша талдау негізінде, өткізу нарығының немесе сұраныстың болуын, шикізаттың қолжетімділігін ескере отырып, анықталды, сондай- ақ жалпы жобалардың өтелуін қамтамасыз ететін басқа да факторлар ескерілді», – деді жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Дидар Боранқұлов.

   Құрамына кәсіпкерлікті дамыту саласындағы мемлекеттік органдар, «Даму» КДҚ», АНК және банктер кіретін жобалық кеңсе жеңілдікпен несие алу үшін бизнеске барынша қолдау көрсетуге дайын.    

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер