Бизнес мемлекеттен әділ бағаларды талап етеді
«Атамекен» алаңында бизнес-қоғамдастық және өкілетті органның қатысуымен құрылыс саласындағы баға белгілеудің түйткілді мәселелері талқыланды
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Құрылыс комитетінің төрағасы Александр Белович жиынды ашып, өткен жылдың қараша айында бизнес қатысуымен өткен үлкен жиналыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің құрылыс саласындағы проблемалық мәселелер туралы хаттамаға қол қойғаны туралы хабардар етті. Спикер аталған жиында бизнес өкілдері Үкімет алдында бүгінде құрылыс саласында дамуға кедергі келтіріп жатқан барлық мәселелерді көтергенін айтты.
Жиналыс қорытындысы бойынша барлық салалық министрліктерге бизнестің алға қойған мәселелерін пысықтауға және оларды шешудің жолдарын қарастыруға нұсқау берілген. Аталған жұмысты құрылысшылардың барлығына дерлік маңызды мәселе – баға белгілеуді талқылаудан бастау бойынша шешім қабылданды.
«Бүгінде мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысатын құрылыс нарығының барлық қатысушылары құрылыс материалдарына бағалардың және нарықтағы бағаларға жалақының сәйкес келмеуін атап өтуде. Барлықтарыңызға белгілі материалдар, машиналар мен механизмдерге бағалар үнемі өзгеріп отырады. Бұл мәселені қалай шешу қажет және біздің құрылысқа салып жатқан еңбегіміз нарықтық көрсеткіштер бойынша төленуі үшін қандай шаралар қабылдау қажеттігін түсінуіміз керек», – деді Александр Белович.
Тақырыпты жалғастыра отырып, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева бизнес үкімет тарапынан әділетсіз бағаны ұсыну себептерін қалай пайымдайтыны жайында айтты.
«Біріншіден, бүгінде бағалар жинақтары жеткізушілердің прайс-парақтары негізінде қол режимінде жүзеге асырылады. Екіншіден, деректер базаларында айырмашылық бар, олар түрлі анықтамалардан тұрады, және деректерді жинауда түрлі әдістерді қолданады. Бұл тізілімдер жабық режимде құрылады, бизнес бұл процеске қатыспайды әрі оған әсер етуге мүмкіндігі жоқ. Біз белгілі бір баға қалай қалыптасқанын көре алмаймыз. Бұған қоса сметалық бағаларды жоғарылату бойынша коэффициенттер девальвация мен инфляцияны, бағалардың маусымдық қымбаттауын және басқа да факторларды ескермейді», – деді Юлия Якупбаева.
Жиын қатысушылары көтерліген мәселенің өзектілігін растап, оларды талқылауға белсенді қатысты.
Мәселен, «Базис» холдингінің экономикалық мәселелер жөніндегі вице-президенті Наталья Скорикованың айтуынша, сметалық бағалардың нарықтық бағаларға сәйкес келмеуі құрылыстың барлық объектілерінде орын алады.
«Құрылыс материалдары бойынша айырмашылық қашанда 10-нан 20%-ға дейін құрайды, ал Түркістан облысы бойынша – 20-30%-дан жоғары. Бұдан бөлек, жинақтарда ескірген машиналар мен механизмдер көрсетіледі, бетон қалыбы конструкциялары қазіргі компаниялар қолданатын құрылғылардан мүлде бөлек түрлері көрсетілген», – деді Наталья Скорикова.
Қызу талқылау нәтижесінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Алмаз Ыдырысов өз позициясын білдірді.
Ол бизнес өкілдерін тартып, баға белгілеудің нақты механимздерін әзірлейтін жұмыс тобын құруды ұсынып, жиын қатысушыларын қолданыстағы әдістемені өзгерту бойынша нақты ұсыныстарды беруге шақырды.
Бұдан бөлек, Алмаз Ыдырысов сметалық бағаларды анықтау әдістемесіндегі соңғы өзгерістер туралы ақпарат берді.
«Былтыр біз ведомстволық статистикаға көштік. Екі жыл ішінде барлық құрылыс материалдарын ведомстволық статистикаға аударуды көздеп отырмыз. Бүгінде бұл небәрі 20%. 2023 жылдың соңына дейін статистикалық есептілік негізінде бағалар қалыптастырылатын болады, оның шеңберінде тиісті жауапкершілік қарастырылады», – деді Алмаз Ыдырысов.
Жиын қатысушылары мемлекеттік органның өзекті бағалар мониторингін статистикалық деректер негізінде енгізу туралы ұсынысын қолдамады, олардың растығына бизнес күмәнмен қарайды.
«Біз қолданыстағы статистикадағы проблемаларды сметалық бағалар жинақтарына ауыстырмауымыз керек. Бұл мақсатты емес», – деп атап өтті Александр Белович.
«Мердігерлерді статистикалық есептерді тапсыруға мәжбүрлеу – бұл бизнеске түсетін қосымша ауыртпалық. Өйткені бірнеше мыңдаған тауар позициясы бар, олар бойынша статистикалық формаларды толтыруға тура келеді. Егер ірі компаниялар мұндай есептерді жүргізетін бөлек штат аша алса, шағын және орта бизнесте мұндай мүмкіндік жоқ», – деп «NurSADI» ЖШС жетекшісі Қайрат Мәукебаев өз пікірін білдірді.
Ситуацияның шешімі ретінде «Атамекен» Құрылыс материалдары және қызметтерді жеткізушілердің бірыңғай тізілімін құру арқылы баға белгілеудің бүкіл процесін цифрлауды ұсынды.
Юлия Якупбаеваның айтуынша, Тізілімді құру ол барлық құрылыс материалдарының, өндірушілердің және жеткізушілердің бірыңғай каталогы негізінде бағалардың айқындылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету, материалдар мен жабдықтардағы жергілікті қамтудың үлесін бақылау және саланың басқа да мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
«Салаға арналған бірыңғай тізілім керек, ол цифрлық қағидат бойынша қалыптастырылатын еді, онда бірыңғай түсінікті анықталамалар, түсінікті талдау орналасады, онда агрегация жүйесі, аккумулциямен қоса мәмілелер жүргізетін market place болады, ары қарай оны артық еңбек шығынсыз жүргізуге жағдай жасалады, ең бастысы интерфейс пен market place сала қатысушыларға ыңғайлы болуы керек», – деді Юлия Якупбаева.
Жиында сонымен қатар сметалық жалақы деңгейінің проблемасы талқыланды.
Қазіргі таңда жұмысшылардың жалақысы статистика деректері бойынша орташа жалақы құнынан есептеледі, бұл жайт бизнестің пікірінше түбегейлі дұрыс емес, өйткені құрылыс саласындағы жалақы нақты мамандыққа тәуелді емес.
Мәселен, бейіні бойынша түрлі екі маман сәйкесінше 500 және 100 мың теңге алады, ал қолданыстағы әдістеме 300 мың теңге көлемінде орташа айлықты белгілейді, бұл нақты нарық бағаларына сәйкес келмейді. Өкілетті орган өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда жалақы құнын анықтайтын басқа механизм жоқ, мәселенің шешімі 2023 жылы ведомстволық статистика деректерін қолдануға толық өткен кезде ғана шешіледі.
«Бизнес өз қызметкерлеріне 2023 жыл келгенде әділетті жалақы дәурені орнайды деп айта алмайды. Осылай ақталуымыз керек пе? Біз сіздермен қазір отырмыз, ал олар құрылыста жұмыс істеуде. Олардың жалақысы 200-300 АҚШ доллары, одан артық біз төлей алмаймыз, өйткені сіздердің жинақтарыңызда сондай бағалар белгіленген», – деп мәселе көтерді Александр Белович.
Бұдан бөлек өкілетті орган өкілдерінің айтуынша, есептелген жалақы деңгейі мен нарық арасындағы сәйкессіздік белгілі бір жұмыс түрлеріне арналған технологиялық карталардың болмауына байланысты, ал оларды әзірлеуге қаражат жеткіліксіз. Осы ретте өкілетті орган бизнес өкілдерін мұндай карталарды әзірлеуге жеке қаражат есебінен қатысуға шақырды.
Аталған бағытта өзінің тәжірибесі туралы BI Group Төрағасының орынбасары Талғат Қожахметов бөлісті.
«Компаниямыз шамамен 40 технологиялық картаны әзірледі. Бірақ олар жұмыстардың нарықтық құнын көрсетпейді, олар бізге дұрыс жұмыс істеуге, өндіріс технологиясын ұстануға көмектеседі. Жұмыстар құнын нарық көрсетеді, сондықтан нарықты назарға алу керек», – деді Талғат Қожахметов.
Талқылау нәтижесінде өкілетті орган өкілдері көтерліген мәселелерді Жұмыс тобы шеңберінде назарға алуға дайын екендерін айтты.
Жиналысты аяқтай отырып, Юлия Якупбаева Бірыңғай тізілім құру бойынша ары қарайғы қадамдарды белгілеп, бизнес өкілдерін Жұмыс тобының жұмысына белсенді қатысуға шақырды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: