«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордада «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 47 жоба мақұлданды

2020 жылғы 06 Қаңтар
- Қызылорда облысы
4223 просмотров

Өткен жылдың қорытындысымен Қызылорда облысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы құны 6,6 млрд.теңгені құрайтын 47 жоба мақұлданған. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясов айтты.

Қожахмет Ілиясовтың айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөніндегі өңірлік жобалық кеңсенің қарауында жалпы сомасы 11,2 млрд.теңгені құрайтын 105 жоба бар. Оның ішінде 47 жоба (6,6 млрд.теңге) банктермен және Аграрлық несие корпорациясымен мақұлданып, жүзеге асырылуда екен. 18 жоба қаржы институттарында қаралып жатса, қалған жобалар бойынша құжаттар жинақталуда.

Айта кету керек, жобалардың ішінде жалпы құны 4 млн.теңгеден (жихаз өндіру құрал-жабдықтары) бастап 4 млрд.теңгеге («Аралтұз» испан цехы) дейінгі жобалар кездеседі.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту шеңберінде басым жобаларға жеңілдетілген несие берудің бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны іске асыру барысында шұғыл түрде кедергілерді анықтап, жою мақсатында Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Жобалық кеңселер құрылды.

Қызылордада Өңірлік жобалық кеңсенің тең төрағалары – облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов пен Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Жыл бойы жобалық кеңсе мүшелері кәсіпкерлермен кездесіп, олардың ұсыныстары мен проблемаларын жүйелеп, орталыққа ұсынып отырды. Осының нәтижесінде қысқа мерзімде Үкімет қаулысына 3 рет толықтырулар енгізіліп, несиелендіру шарттары түбегейлі қайта қаралды.

«Ұдайы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кәсіпкерлерге берілетін несие пайызы 8 пайыздан 6 пайызға дейін, жеңілдік кезеңі 28 айға дейін берілетін болды», - дейді Қожахмет Ілиясов.

Мұнан өзге, несиенің 50 пайызына дейін кепілдендіру тетігі енгізіліп, несиенің 50 пайызына дейін айналым қаражатын толықтыру мүмкіндігі қарастырылды. Қаржыландыруға жататын тауарлар мен қызметтер тізілімі 365-тен 1 мыңнан аса тауарға кеңейтілді, ОКЭДтер саны 65-тен 124-ке дейін ұлғайды.

«Біздің облысымыз бойынша Өңірлік жобалық кеңсенің ұсынысымен жылқы, түйе, қой, ешкі, құс, тауық, қаз, балық өсіру, тұзды қайта өндеу, бетоннан материалдар, силикат кірпішін шығару, медициналық мекемелерді салу, жөндеу және оларды медициналық жабдықтармен жабдықтау сияқты аймақ үшін өзекті ОКЭДтер енгізілді», - дейді Палата директорының орынбасары.

Агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру жобаларын қаржыландыру үшін бағдарламаны іске асыруға Аграрлық несие корпорациясы енгізілді. Бүгінгі күні 27 жоба Аграрлық несие корпорациясымен мақұлданған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер