«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстаулық кәсіпкерлер қайырымдылық жасады

2019 жылғы 26 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
4084 просмотров

Жаңа жыл қарсаңында бірқатар кәсіпкерлер қайырымдылық шараларын қолға алды. Жаңа жылдық көмек көп балалы отбасының бүлдіршіндеріне, балалар ауылының тәрбиеленушілері, мүгедектер, қарттар үйінің тұрғындарына берілді. Мереке тұсында қам көңіл жандарды қуанышқа бөлеп, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетілді

«Хан шахар» мейрамханасының ұжымы балалар ауылының 60 тәрбиеленушісін жаңа жылдық ертеңгілікке шақырып, көңілді кейіпкерлермен өткен шырша мерекесін ұйымдастырды. Барлығына тәтті сыйлықтар үлестірді. «Біз біргеміз» қорымен бірлесіп көпбалалы отбасына қайырымдылық жасалды. 40 адам мерекелік дастарханнан дәм татты. Ерекше құрметке бөленді.

Ал, Ақтау қаласында 10 сауда орны бар «GOOD» және «Altyn food» супермаркеттер желісінің ұжымы балалар ауылы балғындарына мерекелік торт тарту етіп, тәтті сыйлықтар үлестірді. 30-дан астам тәрбиеленуші үлкен ойын алаңдарында алаңсыз ойнап, кинотеатрда фильм де көрді. Балалар оны ерекше шат көңілмен тамашалады. Айтулы киім дүкендері мен косметикалық желілерден сертификаттар табысталды. Қаржылай көмек те берілді.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес мүшесі, «ADM Group Company» ЖШС құрылтайшысы Гүлмира Қуанышалиева:

«Мұннан өзге қарттар үйінің тұрғындарына мерекелік дастархан жайылып, перзент қамқорлығына зәру қарияларға көңіл бөлінді. Жетімдер үйінің балаларына қажетті бұйымдарын алып беріп, біздің қарамағымыздағы барлық қызметкерлер бір күндік жалақыларын аударды. Біз қайырымдылық шараларын тек жаңа жыл қарсаңында емес, жыл бойы тұрақты түрде өткізіп отырамыз»,-дейді.

Ал, сауда желісімен шұғылданатын жеке кәсіпкер К. И. Черненков болса, жүріп-тұруы қиын, жаңа жылдық шырша меркелеріне бара алмайтын жарымжан 50 балаға сыйлық ұсынды. Қайырымды кәсіпкерлерге ата-аналар да алғысын жаудырды. 

«Қайырымдылық жасауға қашан да дайынбыз. Мүгедек балалар да бір серпіліп, жаңа жылдық мерекенің қуанышына ортақтассын, оларды естен шығармайтын мейірімді адамдар бар екенін біліп өссін деген ойдамыз. Жаңа жыл жаңа үміт, жаңа жетістік сыйлайтын тамаша мейрам. Оны үйдің төрт қабырғасынан шыға алмай отырған бүлдіршіндер де сезінсе екен»,- дейді кәсіпорын басшысының кеңесшісі Алмагүл Букенбаева.

Маңғыстаулық кәсіпкерлердің қайырымдылық шаралары алда да жалғасын таба бермек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер