Қазақстанның үздік кәсіпорындары мен тауарлары анықталды
«ЭКСПО» конгресс-орталығында отандық кәсіпкерлерге ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің дипломдарын табыстау салатанаты өтті. Сонымен қатар, тұңғыш рет "Атамекен" ҰКП ұйымдастырған "ALTYN OIMAQ" байқауының, дәстүрлі "ІСКЕР", "ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ", т.б. сыйлықтарының жеңімпаздары анықталды.
Бүгін қазақстандық кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің еңбегі жоғары деңгейде бағаланған күн болды. Дәстүрге сай, ҚР Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің ірі, орта және шағын бизнес өкілдері жоғары марапаттарды иеленді. Сапа мен дамуды алдыңғы орынға шығарған отандық кәсіпкерлерді маңызды шарамен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
"Индустрияландыруды табысты жүзеге асыру - баршамызға ортақ міндет. Бұл ретте бизнес өкілдеріне үлкен үміт артамыз. Кәсіпкерлік - ел экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан, түрлі кәсіпорындардың жұмысын жандандыруға зор мән береміз. Соның айқын көрінісі ретінде бүгін осы жылдағы индустрияландыру шараларын қорытындылап, сала үздіктерін атап өту үшін жиналдық. Біздің іскер азаматтарымыз Қазақстанды танытуға және экономикамызды өркендетуге мол үлес қосып келеді. Бүгінгі марапат - Сіздердің еңбектеріңізге мемлекет тарапынан берілген жоғары баға. Осындай игі бастама еліміздегі кәсіпорындарды дамытуға ерекше серпін беретіні анық. Сондай-ақ, отандық өнім өндірушілерді зор жетістіктерге ынталандырады деп сенеміз. "Парыз", "Алтын Сапа" және "Қазақстанның үздік тауарлары" ұлттық байқауларының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын", - деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы республиканың үздік кәсіпкерлеріне 2006 жылдан бері табысталып келеді. Соңғы 7 жыл көлемінде маңызды шараны "Атамекен" ҰКП ұйымдастырып келеді. Еліміздегі алдыңғы қатарлы мекемелер «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымдары бойынша кәсіпорын көлеміне орай үш-үштен жүлдеге ие болды.
Мемлекет басшысы "Алтын сапа" сыйлығының "Үздік индустриялық жоба" және "Үздік инновациялық жоба" аталымдары бойынша марапаттарды иелеріне тапсырды. Қарағанды өңірінің "Бёмер Арматура" ЖШС-нің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан "Үздік индустриялық жоба" атағын, ал Қызылорда облысында жұмыс істеп келетін "СКЗ-U" кәсіпорны "Үздік инновациялық жоба" сыйлығын еншіледі.
Биыл "Алтын сапаның сыйлықтарына шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріның арасынан 200-ден астам кәсіпорын үміт артқан болатын. Үздіктерге марапаттарды ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Парламенті депутаттары табыстады.
Ал "Қазақстанның үздік тауарлары" байқау-көрмесіне республика бойынша биыл мыңнан астам кәсіпкер ат салысып, олардың 153-і облыстар деңгейінде озып шықты. Бұл байқау бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша 9 жеңімпаз кәсіпорынға тиесілі жүлделер берілді.
Үстіміздегі жылы ел көлемінде алғаш рет "Атамекен" ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің бас болуымен "ALTYN OIMAQ" байқауы өткізіліп, Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыды. Шығармашылық бәсекенің мақсаты - киім-кешек және әшекейлердің ұлттық брендтерін қалыптастырып, насихаттау, жаңа есімдер мен брендтерді ашу және қолдау, сонымен қатар қазақстандық жеңіл өнеркәсіпті дамытып, оған деген сұранысты ынталандыру болып табылады. Тың байқауға қатысушылар алты номинация бойынша бақтарын сынай алды. Ұлттық стильдегі киім-кешек әзірлегендердің арасында белгілі дизайнерлермен қатар, жастар, тіпті, жасөспірімдер бар. Мәселен, анасы арқылы өтінім берген 10 жасар Айгерім Мұратқызы өз қатарластарына арнап жасаған ұлттық стильдегі пальтоның эскизімен «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімінің үздік дизайны» номинациясында өзге қатысушылардың арасында алға озып шықты.
Сонымен қатар, шара барысында "ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ", "Парыз" «Бизнес Кемелділік», «ІСКЕР» байқауларының жеңімпаздары анықталды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: