«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сән құрақ фестивалі өтті

2019 жылғы 10 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
7665 просмотров

Ақтауда Сән құрақ фестивалі жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұған дейін дәл осындай шара екі жыл қатарынан Жаңаөзен қаласында өтіп, қызықты әрі пайдалы фестивалді облыс ауқымында қолға алу көзделді. Оған өңірдегі бес аудан мен екі қаладан 28 қатысушы жиналды

Гүлнәр Сауытбаева Түпқараған ауданынан келді. Бала кезден анасынан үйренген құрақ құрап, көрпе тігу өнерін 2008 жылдан бері үлкен кәсіпке айналдырып отыр. Аудан орталығында тігін шеберханасы мен Ақтау қаласында сауда нүктесі бар.

«Бастапқыда 3 мың доллар грант алып, бастаған болатынмын. Кәсібім жақсы өрлеп, алты адамды жұмыспен қамтып отырмын. Қыз жасауы, мерекелік кәде сыйлар, көрпелер тігіп сатамыз. Ши құрақты анам үйреткен тәсілмен құраймын. Сегіз жапырақ, бірін-бірі қума ою арқылы тігеміз және қазіргі заманға сай үлкен ою араластырып та құрап жүрміз. Бизнесті одан әрі кеңейте беруді көздейміз»,- дейді кәсіпкер Гүлнәр.

Шараны ұйымдастырушы-Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі. Жаңаөзен қалалық әскер әйелдер кеңесінің төрайымы Тілектес Бекболатованың айтуынша, Жаңаөзен қаласында екі жыл наурыз мерекесінде өтіп келген. Биыл Ақтау қаласында ұйымдастырылды. Құрақ - адамның басы құралсын» деген ырыммен тігілетін көрпе.

«Мақсатымыз - ұлттық қол өнерімізді жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа мұра ету. Үйде отырып іс тігіп, оны онлайн түрде саудаға шығарып отырған облыстың әр түпкіріндегі нәзік жандылардың басын қосу, бір-бірінен тәжірибе алмастыру. Жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді кәсіпке баулып, ынталандыруды көздейміз»,-дейді ол.

Фестивалге көздің жауын алатын сан түрлі көрпелер қойылды. Мақпал, барқыт, шыт маталардың сан түрінен құралған көрпелерден Маңғыстаудың ежелгі қөлөнерінің жарқын көріністерін байқауға болады. Ши құрақтардың арасына түй бейнесін, тастағы ежелгі таңбалы белгілерді салып тігу, жаңаша сән кіргізуді көздеген үлгілер де бар.

Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова:

«Кейбіреулер сырттан келіп Маңғыстауға қолөнерді үйреткісі келеді. Біле білсек, Маңғыстау қазақилықтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді бұзбай ұстап отырған, ұлттық қолөнерімізді дәріптеп жүрген өңір. Біз кез-келген азаматқа үлгіміз, біздің қолөнер шеберлерімізден көп нәрсені үйренуге болады дегім келеді»,- деп түйіндейді ойын.

Шараға Маңғыстаудың білікті қолөнер шеберлері мен майталман мамандар қазылық етті. Онда бас жүлде, 1,2,3- орындар және 8 ынталандыру жүлдесі бар. Олар: «Көрермен көзайымы», «Жас шебер», «Ынталандыру», «Ою құрақ шебері», «Ісмер әйел», «Күміс қол», «Алтын оймақ», «Құрақ әлемінің ханшайымы».

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Әрі өз ауылдарынан әлеуметтік жағдайы нашар екі әйелді қолөнерге үйретіп, екеуіне де тігін машинасын беру міндеттеліп отыр. Осылайша ұлттық өнер үйренушілер қатарын көбейтіп, бір жағынан кәсіп үйретіп, екінші жағынан аналардың тұрмыстық жағдайын түзетуге үлкен көмек болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер