Отандық жоғары оқу орындары рейтингінің нәтижелері жарияланды
Қазақстандық жоғары оқу орындары дипломдардан қалай тез ақша жасайтыны туралы Қазақстан жоғары оқу орындарының жыл сайынғы Білім беру рейтингісімен таныстыру барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев айтып берді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі жыл қатарынан ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізіп келеді.
«Рейтинг 17 критерий бойынша жүргізілді, олар: жұмыспен қамтылған түлектердің пайызы және олардың орташа айлық еңбекақысы («Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы ұсынған мәлімет), оқу аяқтаған соң жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ, бағдарламалардың өзектілігін бағалау», – деп атап өтті Олжас Ордабаев.
Жүргізілген талдау барысында қазақстандық жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының 73%-ы жұмыс берушілердің сұранысына сай келмейтіні анықталды.
«Кейбір жоғары оқу орны сапалы білім беруге тырыспайды, есесіне дипломдарды басып шығарып, тез ақша табуда. Өйткені білімге емес, құжатқа сұраныс бар», – деді спикер.
«Атамекен» мұндай беталыспен күрес ретінде әкімшілік әдісті ұсынады, яғни оқу орындары болашақ жұмыссыздарды дайындамауы үшін олардың лицензияларын қайтарып алу қажет. Сонымен қатар Рейтинг нәтижесі мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу кезінде ескерелуі тиіс. Олжас Ордабаевтың айтуынша, нашар маманды дайындайтын жоғары оқу орнына мемлекеттік қаражат бөлінбеуі керек.
«Атамекен» ҰКП Мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу ережелеріне өзгерістерді енгізуді ұсынады (ҚР БҒМ-ның №122 бұйрығы): егер ЖОО рейтингтің төменгі бөлігінде болса, комиссия мұндай білім ордасына мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыту құқығынан айыруға құқылы.
Рейтингтерді «ЖОО білім беру бағдарламаларының рейтингі» бөлімінен карап, жүктеп алуға болады.
Анықтама үшін:
Рейтингті қалыптастыру барысында 90 мамандық қамтылды, 2000 білім беру бағдарламасы бағаланды, ҚР-дың барлық өңіріндегі 700 сарапшы 6000 сараптамалық қорытынды шығарды.
Рейтинг 17 критерий бойынша жүргізілді, олардың ішінде: жұмыспен қамтылған түлектердің пайызы және олардың орташа айлық еңбекақысы, оқу аяқтаған соң жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ, бағдарламалардың өзектілігін бағалау бар.
Жүргізілген рейтинг барысында түлектердің жұмысқа тұру деңгейі 74%-ды құрайтыны анықталды, түлектердің орташа айлық еңбекақысы – 103 285 теңге.
Дипломды алу уақытынан бастап жұмысты іздеу ұзақтығы орта есеппен 3,5 айды құрайды, «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша түлектер тез жұмыс табады – 2 ай, ал «Шетелдік филология», «Стоматология», «Кеден ісі» мамандықтарының түлектері жұмыс іздеуге 5 айдан аса ұзақ уақыт жұмсайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: