«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әйелдер бизнесі: Май ауданында «Бастау» түлектері табысты жобаларды іске асыруда

2019 жылғы 05 Желтоқсан
- Павлодар облысы
4894 просмотров

Биыл Павлодар облысында «Бастау» жобасымен 2545 тыңдаушы оқып шықты

«Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Май аудандық филиалының директоры Оралбек Сыздықовтың айтуынша, ауданда 175 тұрғын жобаға қатысқан. Олардың қатарында қыз-келіншектер де бар.

Мәселен, Көктөбе ауылының тұрғыны, көп балалы ана Раушан Төлешова кәсіп ашқысы келді.

 «Аудандық газет бетінен «Бастау» жобасы туралы оқыдым. Көп ойланбай, оқуға қатысуға өтінім бердім. Шаштараз саласында тәжірибем бар. Оқу аяқталған соң сертификат алдым, бизнес-жоспарымды сәтті қорғап шықтым. Кәсіпті бастауда мемлекеттік грант жақсы демеу болды, осы қаражатқа шаштараз салонына қажетті жабдық сатып алдым. Қазір шаштараз қызметін көрсетемін, клиенттерім жетерлік. Ауыл тұрғындарына кәсіп ашуға көмектесетін осындай бағдарлама, мүмкіндік үшін алғыс білдіргім келеді», – дейді Раушан Төлешова.  

 Май ауданында тұратын көп балалы ана Бақытгүл Тілеубергенова ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарласа да алғашқы қадам жасауға батылы жетпей жүрген.

«Жеке кәсіп ашуға жүрексінетінмін. Бір күні Май аудандық кәсіпкерлер палатасына бардым да жеке кәсіп ашуға қатысты ақпарат алдым. Кеңесшілер «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуға кеңес берді. Нан-тоқаш өнімдері нарығын зерттей келе, осы кәсіпті қолға алуды шештім. «Бастау» жобасына қатысу арқылы грант алдым. Осы қаражатқа нан илейтін аппарат, 80 қалыпты пеш-шкафын сатып алдым. Қазіргі таңда мен нан-тоқаш өнімдерімен аудан тұрғындарын қамтамасыз етіп отырмын», – дейді Бақытгүл Тілеубергенова.

 Қаратерек аулының тұрғыны Гүлнар Қылышева көп жыл бойы құлпынай өсірумен айналысады. Дәл осы бағытты кәсіп ретінде қолға алған.

 «Жасым 43-те. Құлпынай өсіру ермегім болды. Осыдан үш-төрт ай бұрын аудандық газеттен «Бастау» бағдарламасы туралы оқып, неге құлпынай өсіруді табысты кәсіпке айналдырмасқа деп ойландым. Жобадағы оқу аяқталған соң, жылыжай сатып алдым, ал бүгінде аудан тұрғындарын өз қолыммен өсірген көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз етудемін. «Бастау» жобасы арқылы мен бизнес-идеямды іске асыра алдым», – деді Гүлнар Қылышева.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер