«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтауда ІТ форум өтті

2019 жылғы 15 Қараша
- Маңғыстау облысы
7404 просмотров

Ақтауда 12-16 қараша аралығында «RIFMO-2019» IT апталығы өтті. Маңғыстау облысының аймақтық инновациялық форумы маңызды оқиға болды

Онда аймақты дамыту үшін қажетті заманауи сандық жүйенің шешімдері, тәсілдері мен технологиялық тәжірибенің өзекті мәселелері бойынша диалог  ұйымдастырылды. Мақсат- өңірдің ақпараттық қоғамдастығын дамытуға ықпал ету, халық пен ұйымдар арасында ақпараттық технологияларды танымал ету, түрлі құрылымдармен өзара іс-қимыл мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, жүйелі бизнес шешімдерді зерделеу, жастардың қазіргі заманғы технологияларға деген қызығушылығын арттыру.

Формат бойынша «RIFMO-2019» белгілі бір тақырыптық бағытқа арналған іс-шара ретінде бес күн бойы өтті. 12 және 13 қарашада жастарға баса назар аударылды. Осы күндері стартап-идеялар байқауы, жастар бастамаларын қолдау және ілгерілету бағдарламалары бойынша шеберлік сағаттары мен тренингтер өтті. Ал, 14 қараша күні мемлекеттік және жергілікті басқармалардың өкілдері мен мамандары «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өзектілігі, мақсаттары мен міндеттері туралы толық ақпарат алды, өз қызметтеріне қатысты соңғы үлгідегі тың IT-шешімдермен танысты. Форум аясында өңірді цифрландырудың бірінші кезектегі міндеттері кеңінен талқыланып, оларды енгізу тәсілдері мен проблемалары қарастырылды, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жолдары зерттелді.

Сонан соң «Бизнеске арналған ІТ форум» өтті. Онда ұйымдар, кәсіпкерлер және басқа да бизнес өкілдері түрлі IT-шешімдер мен маркетингтік тәсілдерді талқылап, бизнес қызметін оңтайландыру, автоматтандыру және реттеу тәсілдерін іздеді.

Шараға Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев та қатысып, баяндама жасады.

««Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін бірқатар бағдарламалар жасақтап, жаңаша тиімді тәсілдер қолданып келеді. Бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, бизнес-ортаны жақсарту, қолжетімді несие беру, адами капиталды дамыту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту сынды бағыттар бар. Мәселен, «БИЗНЕСКЕ АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» жобасы МО кәсіпкерлер палатасында жүзеге асып жатыр. «Бір терезе» қағидасы арқылы бизнеске қажетті барлық қызметтерді бір орталықтан алады. Бұл кәсіпкерлердің уақытын тиімді пайдаланып, қолжетімді қызметке жүгінеді деген сөз. «Кәсіпкерлерге арналған Үкімет» – қаржыландыру, өнімді сату мен өткізу, цифрлық қызмет көрсету, құқықтық сүйемелдеу және бизнеске оқыту сынды бес негізгі бағыттан тұрады.  Әрине, жаппай цифрландыру дәуірінде бизнес өкілдері электронды форматты  белсенді қолдануда. Бұл жағдайда  «Atameken services» порталы қажетті құрал болып отыр»,- дейді Нұрбек Қарасайұлы.

Мемлекеттік мекемелердің, әлеуметтік және үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ түрлі ІТ қоғамдастықтар мен бизнес өкілдері жиналған диалог алаңында Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова да сөз алды. Оның айтуынша, әлем көшінен қалмай қоғамның барлық саласында сандық жүйені қолдануымыз қажет. Бұл- бизнеске де жат емес. Заманауи кәсіпкерлер уақытын ұтымды пайдаланып, жаңа талаптарды, жаңашылдықты тез игерсе, өзі үшін де, өзгелер үшін де аса тиімді болмақ.

Форум ұйымдастырушылары таңдалған бағдарламаның, ақпараттық материалдар, ІТ шешімдер мен өнімдердің өзектілігіне және тәжірибеде пайдаға асатынына сенімді. Шара аймақтық қажеттіліктерге және мүмкіндіктерге бағытталып отыр. Бұл болашақта қатысушылардың тығыз ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылына қол жеткізуге себеп болады.

Ірі шараны «Mediana Services Limited» ІТ компаниясының, Маңғыстау облысы әкімдігінің, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының және «Грант Қазақстан» ІТ қорының бірлескен нәтижелі жұмысы деп атап өтті қатысушылар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер