«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

140 кәсіпкер қайтарымсыз қаражат алады

2019 жылғы 15 Қараша
- Маңғыстау облысы
8606 просмотров

Маңғыстаулық кәсіпкерлерге 200 АЕК, яғни 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаражат беру шаралары жалғасуда

2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша грант алу үшін комиссия алдында өз бизнес жобаларын қорғауға келген адамдардың қарасы көп. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында екі күннен бері өткен іс шарада 140 үміткер оза шықты. Олардың ішінен Бейнеу ауданына-55, Мұнайлыға-32, Маңғыстау ауданына-20, Жаңаөзендіктерге-32, ал ақтаулық бір тұрғынға қайтарымсыз қаржы бұйырды. Сонымен қайтарымсыз қаражат кімдерге беріледі? Негізінен бұл грант мүгедектерге, көп балалы аналарға, жарымжан бала асыраушыларға, жастарға және жұмыссыздарға арналған. Үміткерлердің дені түйе, жылқы, ешкі шаруашылығы, тігін цехы, бөдене өсіру, кондитер өнімдерін дайындау, сұлулық салонын ашу сияқты кәсіп түрлерін дамытуды қолай көреді.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Лаура Ақназарова ешкі өсіруді жөн көреді. Көп балалы ана балалары сырқаттана берген соң үйіне ешкі сатып алып, соның сүтімен иммунитетін көтертіп, ауруынан тез айыққанын көзбен көрді. Халықтың денсаулығын табиғи жолмен нығайу мақсатында осыны үлкен кәсіпке айналдырған дұрыс деп санайды. «Асыл тұқымды ешкінің бағасы 125 мың теңге тұрады екен. 505 мыңға бірнеше мал алып, кәсіп бастағым келеді. Үйде ата-енем көмектеседі. Сөйтіп бір мүгедек адамды жұмыспен қамтамасыз етуді ұйғарып отырмын»,- дейді ол.

Ал, Беғали Әміров киім-кешекке тігілетін этикет өндіруді жоспарлап отыр.

«Қазір қолдан өз бренд киімдерін шығаратындар, көрпе-төсек, балалар киімдері мен сәби орайтын көрпелер тігетін шеберлер көбейіп келеді. Олар өз белгісі басылып шыққан этикет тігіп, бұйымдарын сатылымға қойса өте орынды болар еді. Ірі тігін фабрикаларымен келісімшартқа отырып, оларға өз белгілерін тігіп шығаруға дайынбыз. Қазір оның бәрін басқа облыстарға тапсырыс беріп, ұзақтай күтіп жүретіндер бар. Осы мәселені оң шешкім келеді»,- дейді үміткер Беғали Сейфуллаұлы.

Бірнеше сала мамандарынан құрылған комиссия мүшелеріне бизнес жобаларды таңдаудың мол мүмкіндігі болды. Комиссия төрағасы Мұрат Сауғабаев:

«Грант кәсібін бастаймын деген азаматтарға құрал-жабдық, техникалық қамту, мал сатып алу үшін беріледі. Қаражат алғаннан соң олардың мақсатты жұмсалуын, кәсібін жүйелі түрде тексеріп отырамыз. Бұл қаражат жымқырып, ешқандай кәсіп ашпайтын адамдарға арналмаған. Қаржы орынсыз жұмсалғанын білсек, кері қарай өндіру шаралары жүреді»,- деп мәлімдеді.

Бұл осы жылға бөлінген грантқа үміткер соңғы лек. Келер жылы қайтарымсыз қаражат бөлу жалғасын табады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер