«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жаңаөзенде ашық есік күні өтті

2019 жылғы 08 Қараша
- Маңғыстау облысы
6030 просмотров

Жаңаөзенде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалында ашық есік күні өтті

Қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлерді толғандырған мәселелердің жауабын беруі үшін  мемлекеттік орган қызметкерлері, эпидемиолог мамандар, қаржы институттары т.б. 15 мекемеден өкілдер келіп отырды. Бір күнде мамандарға 100-ге жуық адам жүгініп, кеңес алды.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Дина Кенжебаеваның айтуынша, мамандар ешқандай кедергісіз емен-жарқын әңгімелескен. Жұмыссыздықтан арылу үшін мұнайшылықты ұзақ уақыт күтіп жүрмей, қысқа мерзімді курстарды оқып, тапшы мамандықты иегеруге кеңес берілген. Осындай ашық, жария жұмыстар алда да болса екен деген өтінішін жеткізді.

Ал, кәсіпкер Болат Туланов Жаңаөзендегі технопарктегі жер теліміне көп жылдар жарық тартылмай, жақында кәсіпкерлер палатасының тікелей араласуымен мәселе оң шешілгенін тілге тиек етті.

«Енді тұралап қалған кәсібімді іске қосу үшін несие алуға құжат тапсырған едім, Қаржыландыру жағдайы тез арада шешілсе өте риза болар едім», – дейді ол.

Ашық есік күні «Кәсіп түбі-нәсіп» жобасы аясында Жаңаөзен қалалық әкімдігінің қолдауымен өтті. Жаңа жоба басталған бір ай ішінде 500-ге жуық жергілікті тұрғынға кәсіби кеңес берілген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл осыған дейін келушілерден 3-4 есеге артық.

«Кәсіп түбі – нәсіп» жобасы басталғанға дейінгі есепке қарап отырсақ, келушілер саны 150-ге жетер жетпес. Біз бір айда 500-дей адамды қабылдап үлгердік. Олардың мәселелерін қарап, тиісті шаралар қолданылды. Қазір «Бастау» жобасымен 195 жаңаөзендік оқытылып жатыр. Өткен айда 150 адам білім алған еді», – деп мәлімдеді ӨКП кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Аққу Айтжанова.

Шараға Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов қатысып, келушілермен кездесті. Олардың түйіткілді мәселелерін тыңдап, кеңесшілерге нақты жауап беруді, тиісінше жергілікті әкімдік бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Келушілер ашық кездесу, алаңсыз араласып әңгімелесудің халық үшін пайдасы зор екенін айтты. Көңілдегі көп күдік сейіліп, кәсіби кеңес алып, алда жарқын істерге құлшыныс пайда болғанын да жарыса айтып жатты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер