«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңірлік палата ерекше кәсіп түрлерін қаржыландыруды қолға алды

2019 жылғы 08 Қараша
- Жамбыл облысы
8198 просмотров

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы сүт бағытындағы асыл тұқымды ешкі шаруашылығына қаржылай қолдауды еселендерді

Заанен тұқымының қазақстандық ешкілерден айырмашылығы – сүтті мол беруінде. Отандық ешкілер күніне көп дегенде 1,5-2 литр ғана сүт бере алады, жүні қалың. Ал, заанендіктер күніне 8 литр сүт береді. Жүні  өте жұқа, қырқылған сияқты көрінеді, күніне екі мәрте сауылатын ешкі сүтінің литрі 500 теңге көлемінде саудалануда.         Жалпы алғанда, биылғы жылдың 10 айында микроқаржы ұйымының 528 миллион теңге несие Жамбыл облысының кәсіпкерлеріне берілді, – деп атап өтті «Атамекен Тараз» МҚҰ директоры Самат Қосалиев.    
 

Айта кетейік, ешкі сүті – анемия, тағамдық аллергия, туберкулез, асқазан, ішек-қарын жолдарының аурулары, диабет, диатез ауруларына ем, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруға, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруға және көздің көру қабілетін арттыруда пайдалы екен.  Сондай-ақ, ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері мен аскорбин қышқылы бар.   

Оның үстіне бұл ешкілер жуас, саууға жақсы. Ал асыл тұқымды бір лақтың құны шамамен 100 мыңнан асады. Т.Рысқұлов ауданындағы «Аққу» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Кенжебек Сейдахметов «Атамекеннің» сүйемелдеуімен «Бизнес Кеңесші» жобасында оқып,  қаражат алған кәсіпкерлердің бірі. 

«Сүттен біз үй қаймағын, құрт, сары май, ірімшік, йогурт, айран және брынза дайындаймыз. Дайын өнімді тұтунышылардың басым бөлігі Алматы қаласының нарығы, ондағы сауда дүкендеріне өткізіледі. Қазіргі таңда шаруалықта 20 қозы бар, дегенмен де, заман ағымына сәйкес фермерлік шаруашылықты дамыту жолында «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымына жүгіндім. Онда жеңілдетілген несие алудың талаптарында «Атамекен» оқытатын «Бизнес Кеңесші» жобасында оқу қарастырылған, сол себепті бизнес негіздеріне оқып, несиеге қол жеткіздім», – деді Кенжебек Сейдахметов.

Ешкі сүтінің адам ағзасына тигізер пайдасы мен емдік қасиеті мол екені көпке мәлім. Әсіресе асқазан ішек-жолы жұмысын қалыпқа келтіру, гемоглобинді арттыру, көз көруін жақсартуға, сондай-ақ, диатез кезінде пайдалы. Енді сауылған ешкі сүті бактерицидтік қасиеттерге бай, онда сиыр сүтінде жоқ биологиялық белсенді заттар бар. Оның арқасында ешкі сүті ұзақ сақталады, ол бөлме температурасында 3 күн бойы қышқылданбайды, ал тоңазытқышта бір аптадан артық бұзылмай тұра береді.

Жапон елінде мектеп жасындағы балалар тамағына міндетті түрде ешкі сүті қосылады. Мыңғырған қой өсірген моңғолдар да бүгінде оның орнын ешкімен алмастыруда. Бұл ретте қазақ балалары да ұлттық тағамдарды неге тұтынбасқа!

Биылғы жылы «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы сүт бағытындағы ешкі, құс және балық шаруашылығы жобалар қолдауды еселендіруде. Себебі облыста дәл осы бағыттағы кәсіпкерлік саласы ақсап тұр. Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары бүгінгі таңда дәл осы бизнес саласының дамуын қолда алды. Мәселен, құс шаруашылығындағы түйетауық, бройлер, үйрек, қаз, бөдене, өсімдік шаруашылығында өңірде сирек кездесетін таңқурай, лимон, жүзім, бадам, балық шаруашылығанда бекіре, форель балықтарын өсіруде тәжірибелі салалық сарапшылардың 30-ға жуық тізімін жасақтады. Сан-саланы қамтыған практик-сарапшылар осы бағытта кәсібін өрбітемін деген жандарды бас-аяғына деген толықтай сүйемелдеп, тәжірибесімен бөлісетін болады.

«Кәсіпкерлер палатасы осындай жауапты істі қолға алды, яғни сарапшыларды тарту, олардың ақысын төлеуді толықтай өз мойнына алып отыр. Осылайша өңір кәсіпкерлігінің дамуы мен түрленуіне экономикалық серпіліс жасау мақсат» – деді агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Ермек Ділдабеков. Мәселен, лимон саласында шақыртылған сарапшы Серғазы Бекмұратов жамбылдық кәсіпкерлерге лимон өсіру технологиясын үйретіп, жылыжай соғу жұмыстарына араласып кеткеніне екі айдың көлемі болды.

Айта кету керек, дәл осы бағыттағы кәсіпті бастауға «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы қаржыландыруға әзір. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының «Жас кәсіпкер» және «Бастау» жобаларында кәсіпкерлік негізіне оқыған қатысушалардың 200-ге жуығы заанен ешкілерін алуға 505 мың теңгеден қайтарымсыз ақша алды, 70-тен астам жоба құс шаруашылығындағы грантқа ие болды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер