«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер «Аға сеньорларды» енді өздері таңдай алады

2019 жылғы 06 Қараша
- Қызылорда облысы
4882 просмотров

Бүгінде қызылордалық кәсіпкерлер «Аға сеньорлар» компоненті бойынша жұмыс жасаудың тиімділігін түсініп, өз бизнесін дамытуға кеңінен қолдана бастады.

Басқарудың жаңа әдістерін енгізу, өндіріс технологиялары, құрал-жабдықтар мен персоналды оқыту мәселелері бойынша жоғары білікті шетел мамандарын тарту арқылы жүзеге асатын жобаның әлеуетін пайдаланған кәсіпкерлердің бірі қызылордалық Айгүл Оңғарбаева.

«Алтын ине» тігін шеберханасының иесі Айгүл Оңғарбаеваға  Кәсіпкерлер палатасы Қырғызстаннан арнайы маман шақыртып берді.

«Қырғызстаннан шақыртып отырған Вероника Ли осы жылы Қызылордаға келген үшінші шет елдік сарапшы. Бұған дейін өңірімізге Түркиядан Кенан Йылдырым мен Канададан Джон Иргенгиоро келіп, кәсіпкерлерімізге қызмет көрсетті. Айгүл Оңғарбаева тігін өндірісін ары қарай дамыту мақсатында тігіншілерінің біліктілігін арттыруды көздеп, Палатаға өтінішпен келген болатын. Біз ұсынған сарапшылардың ішінде кәсіпкер қырғызстандық маманды таңдады. «Аға сеньорлар» компонентіндегі биылғы жылы жаңалық бар. Бұдан кейін кәсіпкерлер Палата ұсынған сарапшылардан өзге, керек шет елдік маманды енді өздері де таңдай алады. Мысалы, кәсіпкер өзінің саласы бойынша біліктілігі жоғары шет елдік маманды біледі, алайда шақыртуға мүмкіндігі болмаса, онда Кәсіпкерлер палатасына келіп, өтініш білдіре алады. Әрі қарай Палата сол маманды кәсіпкер үшін өңірге шақырту жұмысын ұйымдастырып береді», - дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлнұр Құрмантаева.

«Алтын ине» тігін шеберханасына келген шет елдік маман Вероника Ли әйелдер киімі дизайны бойынша модельер құрастырушы, тігін бизнесін ұйымдастыруға қатысты кеңесші. Қызылордаға сапары барысында ол тігіншілерге тез тігу әдісін үйрететін тренерлер дайындап шықты.   

«Бұл сапарымда кәсіпкерге тез тігу әдісіне үйрететін тренерлер дайындап бердім. Бұл әдістің басты ерекшелігі тігін тігуді енді ғана үйреніп отырған адам базалық дағдыларды 3-4 күн ішінде игеріп шығады. Олар тәжірибелі тігіншімен салыстырғанда 70 пайыз белсенді жұмыс жасай алады. Мамандарды екі апта оқыттым. Нәтижесінде аз күнде 4 тренер шықты. Олар алдағы уақытта тігіншілерді сапалы тігіс жолдарын шапшаң жүргізуге үйрететін болады», - дейді қырғызстандық маман Вероника Ли.

Жиырма жылдан бері тігін саласында еңбек етіп жүрген Айгүл Оңғарбаеваның басқа қалаға көшіп кетуіне байланысты, Қызылордадағы кәсібі бәсеңдеп қалған болатын. Ол шет елдік маманды шақырту арқылы биыл тігіншілік кәсібін қарқынды дамытуды көздеуде.

«Өндірісімді дамытып, тапсырыстарымды мерзімінде орындау үшін маған көп тігінші керек. Ол тігіншілердің өзіміздің қаладан болғанын қалаймын. Қызылорданың тауарларын өзге өңірлерге шығарсам деген жоспарым бар. Соны іске асыру мақсатында Вероника Лиді шақырттым. Шет елдік маманның бизнесіме пайдалы тұсы – тігіншілерден тренер жасауында. Бұдан кейін әр тігіншім өзіне 3-4 адамды тігінші ретінде тәрбиелеп ала алады», - дейді кәсіпкер Айгүл Оңғарбаева.  

Әзірге он адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер алдағы уақытта тігіншілердің қатарын арттырып, ұлттық нақышта қамзол, бешпент, той көйлектерін, мектеп оқушыларына арналған форма тігуді жоспарлап отыр.

Айта кету керек, «Аға сеньорлар» компонентіне экономиканың басым бағыттарында өз қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Шет елдік сарапшыларды тарту бойынша шығындар республикалық бюджет есебінен төленеді. Аталмыш компонентке қатысты сауалдар бойынша Кәсіпкерлер палатасының маманы Гүлнұр Құрмантаеваға 8 /7242/ 40-09-81 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер