Түркістан облысында мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығы құрылды
Қазақстанның мектепке дейінгі мекемелері қауымдастығының төрайымы Лейла Күленова жеке балабақшалардың жетекшілерін біріктіріп, Қазақстанның мектепке дейінгі мекемелері қауымдастығының Түркістан облысындағы жұмысын қалпына келтіру үшін Түркістан қаласына арнайы келді
Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуге қала мен облыстың 50-ге жуық жеке меншік балабақша басшылары жиналды. Кездесуге сондай-ақ, білім саласындағы бақылау департаментінің өкілдері, облыстық адам дамуы жөніндегі басқармасы, Стратегия және экономикалық даму департаменті, Қаржы және мемлекеттік активтер департаменті басшыларының орынбасарлары мен мамандары қатысты.
Кездесуді ашқан Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Махмұт мектепке дейінгі білім беру мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестіктің ең танымал және ізденуші бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Қазақстандық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының төрайымы Лейла Күленова қауымдастықтың атқарып жатқан жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтты. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге құқықтық сауаттылықты арттыру қажет.
«Кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау мақсатында 2012 жылы Қазақстанның мектепке дейінгі мекемелері қауымдастығы құрылды. Бүгінгі таңда қауымдастық 900-ден астам кәсіпкерлік субъектілерді біріктіреді және білім беру саласындағы кәсіпкерлерінің мүдделерін қорғайды. Қауымдастықтың филиалдары ресми түрде республиканың 13 аймағында жұмыс істейді. Сондықтан сіздерді заңдық біліктіліктеріңізді жетілдіруге шақырамыз», – деп атап өтті Лейла Күленова.
Айта кету керек, Түркістан облысында барлығы 1424 мектепке дейінгі мекеме бар, оның 526-сы мемлекеттік, 902-і жекеменшік, яғни Түркістан облысында ашылған әрбір екінші балабақша кәсіпкерлік субъектісі болып табылады. Мектепке дейінгі тәрбие 150 мыңнан астам баланы қамтиды, оның ішінде 101 мың бала жеке мектепке дейінгі ұйымдарға барады.
Кездесуде проблемалық мәселелер де көтерілді. 2018 жылғы 5 ақпанда Қазақстан Республикасы Білім министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы» бұйрығы жұмыс істей бастады. Бекітілген бірыңғай әдістеме бойынша есептеулерге сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарда Түркістан облысында 2019 жылы жан басына қаржыландыру нормасы 27 237 теңгені құрауы керек еді. Алайда, әлі күнге дейін Түркістан облысында бір балаға айына 20 988 теңге бөлінеді.
Жиналысқа қатысушылар жан басына қаржыландыру мөлшері негізінен үш затқа – коммуналдық қызметтерге, жалақыға, салықтарға жұмсалатындығын және бұл қаражат шығындарын өтемейтіндігін айтып өтті. Ал, ата-аналар жеке балабақша құрылтайшыларынан балаларын тәрбиелеу мен оқытудың сапасын талап етеді, бұл үшін қаражат жеткіліксіз екендігін айтып наразылықтарын білдірді.
Өз кезегінде, Адам ресурстарын дамыту департаментінің өкілі жергілікті «қазынада» қаражат жеке меншік балабақшаларды қаржыландыруға жетіспейтінін айтып, түрлі себептерді айтты.
Кездесу нәтижесінде, Түркістан облысының Қазақстан мектепке дейінгі мекемелеі қауымдастығы филиалының төрағасының кандидатурасы таңдалды. Бірауызды шешіммен Қауымдастық төрағасы Кентау қаласындағы «Согдиана» балабақшасының негізін қалаушы Дилдар Хабибова сайланды.
Филиалға сонымен қатар облыстың барлық 16 аудандары мен қалаларынан жеке мектепке дейінгі ұйымдар құрылтайшыларының жетекшілері қатысады.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен Түркістан облысының Қазақстан мектепке дейінгі ұйымдары қауымдастығының филиалы тығыз жұмыс істеуге келісті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: