Жаңаөзенде кәсіпкерлік мәселелері талқыланды
Бүгін «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов және Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлерімен кездесті
Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлер жер, газ, тендер, құрылыс саласындағы мәселелерін ортаға салды. Осы жағдайларды кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шешуді ұсынды.
Жиында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов өңірде мұнай саласынан бөлек үш саланы: туризм, ауыл шаруашылығы және импортты алмастыруды дамыту қажеттігін атап өтті.
«Осы бағытта жергілікті бизнес-қоғамдастықтың жоспарлары мен ұсыныстарын білгіміз келеді. Жақында моноқалалардағы кәсіпкерлер базасын жинақтаймыз. Мәселен, «Өзенмұнайгаз» компаниясы сатып алуларында тізімге жинақталған кәсіпкерлердің өнімдерін сатып алуға болады. Осылайша кәсіпкерлерді өзіміз қолдау көрсетуіміз керек», – деді Абылай Мырзахметов.
Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың айтуынша, Жаңаөзен қаласында шағын және орта бизнес субъектілері 7500-ге жетті. Оларда 21 мың адам жұмыспен қамтылған. «Бастау бизнес» жобасымен биыл 200 адам оқып шықты. Қайтарымсыз гранттарға 53 кәсіпкер қол жеткізді. «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен 110 жас білім алды. Болашақта өз кәсіптерін ашуға септігін тигізбек.
Тағы бір мүмкіндік. «Атамекен» ҰКП бірнеше мамандарынан құрылған жұмыс тобы Жаңаөзенде екі апта бойы жұмыс істеп, мұнайлы шаһардың кәсіпкерлерімен жіті қарым-қатынас орнатып, түйіткілді мәселелерін толық зерттеп, кеңес беріп, тәжірибелерімен бөліспек.
Басқосуда жергілікті кәсіпкер Досай Таңатаров «Самұрық-қазына» АҚ талаптарының кәсіпкерлерге біршама қолбайлау болып отырғанын жасырмады. Тендер мәселесіндегі қиындықтар уақыт оздырмай шешілсе деген үмітте.
Жаңаөзендік кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын Абылай Исабекұлы Үкімет деңгейіне дейін көтеретінін айтып, іскерлер мәселесін бірлесіп шешуге уағдаласты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: