Қазақстанда мұнай кен орындарының жарамдылық мерзімін ұзарту бойынша жұмыс жүргізіледі
Қазақстанда мұнай кен орындарының жарамдылық мерзімін ұзарту жөнінде жол картасы жасалады
Бұл ұсынысты «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің отырысы барысында айтты. Бұған дейін мқнай өндіру коэффициентін ұлғайту мәселесі және жаңа мұнай кен орындарын әзірлеу қажеттілігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласының кеңейтілген отырысында көтерген болатын.
Айта кетелік, бизнес өкілдері жаңа мұнай кен орындарын әзірлеу және Жаңаөзен сынды кен орындарын толық барлау мәселесін бірнеше рет көтерген болатын, алайда мұндай жұмыс үлкен инвестицияларды талап етеді.
«Бізге экономикалық реттеудің тиімді жүйесі қажет. Мүмкін, салық жеңілдіктері тұрғысынан ресейлік әріптестердің тәжірибесін қарастырған жөн. Бүгінде Жаңаөзенде, мәселен, мұнайды алу коэффициенті 0,3-ті құрайды, оны 0,5-ке дейін өсіру қажет. Ол үшін нақты осы кен орнына ынталандыру шараларын қолдану қажет. Біз жекелеген кен орындарына баса назар аударып, технологияларды енгізу қажет», – деді Алик Айдарбаев.
Спикердің айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіруде көп шығындарды талап ететін кен орындары бар, ал ынталандырудың басқа әдістері жоқ. Өз кезгінде Комитет төрағасы Данияр Абылғазин 2020 жылдың аяғына дейін Жол картасын әзірлеуді ұсынды.
«Бірінші кезекте мұнай қорларына ауқымды түгендеу жүргізу керек, олардың қайсысын ынталындыру қажет етілетінін анықтап алған жөн. Салық саласында ресейлік әріптестердің тәжірибесімен танысу. 2020 жылдың қыркүйек айына дейін жұмысты аяқтап, Жол картасын әзірлеуді ұсынамын», – деді Данияр Абылғазин.
Сонымен қатар, жиналыс барысында мұнай өнімдерін бақылау-есептеу құралдарынан деректерді алу үшін абоненттік төлем мәселесі көтерілді. Деректерді автоматтандырылған онлайн-таратуды қамтамасыз ету операторы болып «НИТ» АҚ компаниясы тағайындалды. Бүгінде абоненттік төлем бір бақылау-есептеу құралына айына 4150 теңгені құрайды.
«Бұл бизнеске қаржылық ауыртпалық салады. Мемлекеттік кірістер органдардың делдалдар арқылы қажетті деректерді алуы үшін кәсіпкерлік субъектілері тұрақты әрі негізсіз шығындарды көтеруге мәжбүр. Қазіргі таңда мұнай өнімдерін бөлшек сатушылары «E-сапа» мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың ақпараттық жүйесінің жеке кабинетіне қол жетімділікті ұсынатын қызметтерге ақы төлеуге дайын, бірақ ай сайынғы абоненттік төлем бір жанармай станциясына бақылау-касалық машиналардан деректерді тарату бойынша абоненттік төлемі секілді, 1500 теңгеден аспауы тиіс, – деді Қазақстан отын қауымдастығының төрағасы Болат Әуетаев.
Қазақстанда 4 мыңға жуық жанармай құю станциясы жұмыс істейді, олардың әрқайсысында ең кемі 5 резервуар бар. Сәйкесінше, бөлшек сатушылар «НИТ» АҚ қызметтері үшін жылына шамамен 1 млрд теңге төлеуі тиіс. Мәселен, «PetroRetail» ЖШС үшін қызмет ақысы жылына шамамен 90 млн теңгені, «Гелиос» ЖШС – 70 млн теңгені құрады.
«Бұл бизнес үшін айтарлықтай қаржылық ауыртпалық әкеледі, бізге осы мәселені көтеру керек. Норма енгізілерде, бизнес өкілдері бақылау-есептеу құралдарын енгізу үшін миллиондап шығын көтерді. Дұрысы, осы қызметтердің төлемін алып тастау керек, өйткені, егер бақылау-есептеу құралдарын енгізу және деректерді тарату бастамашысы өкілетті мемлекеттік орган немесе үкімет болса, онда «НИТ» АҚ қызметтері де кәсіпкерлік субъектілері есебінен емес, мемлекет есебінен төленуі тиіс», – деді Комитет төрағасы.
Естеріңізге салсақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» заңға сәйкес мұнай өнімдері бақылау-есептеу құралдарын қолдану және өкілетті орган – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне онлайн-режимде деректерді беру арқылы өндіріліп, сатылуы тиіс. Аталған норма мемлекеттік органдарға салықтық аударымдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Талқылаудың тағы бір тақырыбы – жаңа экологиялық кодекске қатысты болды. Қазақстанда екі жыл бойы кодексті әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұжырымға сәйкес, қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорындар «ластаушы төлейді» қағидаты бойынша жоғары жауапкершілікті көтеретін болады.
Өз кезегінде, жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс тобы шеңберінде газды жағудан қалдықтар үшін төлемдердің жеке ставкаларын және ұсынылған жобаларда ең жақсы қол жетімді технологияларды енгізу шығындарымен байланысты қажетті ынталандыру механимздердің болмауын қоспағанда, қалдықтар үшін төлемдердің мөлшерін едәуір жоғарылатумен байланысты мәселелер тиісті түрде талқыланбайтынын атап өтті.
«Бізде үкіметтік экономикалық бөлімімен байланыс жоқ, кодекске ілеспе құжаттар талқыланбайды. Біз Тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы және Қазақстанның энергетикалық қауымдастығымен жаңа кодекс шеңберінде көтерілген мәселелер бойынша салалық теріс қорытындылар бердік. Бізде ескертпелер көп», – деді «KAZENERGY» қауымдастығының Бас директоры Болат Ақшолақов.
Салалық қауымдастықтар Экологиялық кодекстің жобасы – экономиканың барлық салалары үшін маңызды құжат екені және оны әзірлеу ілеспе заң жобаларын, әсіресе салық бөлігін бір мезгілде талқылау арқылы жүргізілуі қажет екенін айтты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: