«Бастау» жобасына 2 мыңнан астам ақтөбелік қатысады
Осы күндері Ақтөбе қаласы және облыс аудандарында «Бастау» жобасының кезекті легіне тыңдаушыларды тестілеу науқаны өтіп жатыр
Негізінен тестіде психологиялық сұрақтар қойылған, олар арқылы адамның кәсіппен айналысудағы бейімдігі анықталады. Қажетті балл мөлшерін жинағандар жобаның кезекті легіне қатысады.
9 қыркүйекте «Бастау» жобасының жаңа легі басталады.
Жоба үйлестірушісі Айгерім Ешкееваның айтуынша, оқуға 2 200 ақтөбелік қатысады. Жобаның негізгі ерекшелігі – кез келген жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлік негіздеріне оқып, кәсіп бастауға жеңілдікпен несие ала алады.
«Қыркүйек, қазан, қарашада оқудың 3 легі өтеді. Жылдың басынан «Бастау» жобасы бойынша 1125 адам оқып шықты, соның ішінде 124 адам микро несие алды. Тағы 24 бизнес жоба мақұлдау кезеңінде. Биыл «Бастаумен» оқып шыққан тағы 185 адам 100 және 200 АЕК көлемінде мемлекеттік гранттарын алды. Айта кету керек, қатысушылардың экономикалық белсенділігін және іскерлік әлеуетін ашуға бағытталған жобаның тиімділігі жоғары», – деді Айгерім Ешкеева.
Мәселен, Қобда ауданында 70 ауыл тұрғыны «Бастау» жобасына қатысты. Соның ішінде 15 қатысушы мемлекеттік грант алып, кәсіп жүргізуде. Бұдан бөлек 19 кәсіпкер Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және несиелік серіктестіктер арқылы жеңілдікпен несие алды.
Естеріңізге салсақ, 2018 жылы «Бастау» жобасы Ақтөбе облысын толық қамтыды. Барлығы 2 231 адам қатысты, соның ішінде 516 адам 1,3 млрд теңгеге микро несие алды.
2017 жылы ауыл шаруашылығы жобалары көп бастаса, 2019 жылы қызмет көрсету және өндірісі саласындағы жобалар басым.
Кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасын «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырады.
«Жобаның басты артықшылығы тегін сабақтар, яғни жоба шеңберінде қатысушыларды оқыту қайтарымсыз негізде жүргізіледі. Бұдан бөлек, қатысушыларға бір реттік шәкіртақы да төленеді. Оқыту әдістемесі практикаға басымдық беріп 80 сабақ дәріс және 120 жеке консультацияны құрайды. Жеке консультацияларды бизнес-тренер өткізеді, қатысушылармен бірге ауыл округтеріне берып шеберлік сабақтарын өткізеді», – деді үйлестіруші.
Оқу аяқталған соң бизнес-тренер қатысушыларға сүйемелдеу көрсетуді жалғастырады. Бастауыш кәсіпкерге үнемі қолдау көрсетіледі. Бизнес-жобаны қорғаудан соң қатысушылар грант және жеңілдікпен несие түрінде бастапқы капитал ала алады.
«Бастау» жобасына кәсіп бастағысы келетін кез келген адам қатыса алады.
Жоба:
-бизнес-идеяны бағалауда көмек;
-сауатты бизнес-жоспар құру;
-сенімді тәлімгер қолдауын қамтамасыз етеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: