«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түркістандық кәсіпкерлер Нұр-Сұлтандағы жәрмеңкеге аттанды

2019 жылғы 29 Тамыз
- Түркістан облысы
10567 просмотров

ҚР Конституция күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты дәстүрге айналған Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне 40-қа жуық тауар өндіруші 275 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін халыққа ұсынады

Облыстағы тауарлар сан алуан: ет және ет өнімдері, көкөністер мен жемістер, сүт және жеміс-көкөніс өнімдері, бақша өнімдері, консервілер, жұмыртқа, макарон өнімдері, балық, кептірілген жемістер. Қарқынды бақтарды өсірумен айналысатын өндіруші «Dala Fruit.kz» серіктестігі 3 тонна табиғи шырын және 5 тонна алма мен қара өрік жөнелтті. Шамамен құны — 16 миллион теңге. Осының бәрі нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен бағамен сатылатын болады.

Сондай-ақ, облыс шаруалары елорда тұрғындары мен қонақтарына ет және ет өнімдерінен – 52 тонна, көкөніс – 86 тонна, картоп – 11 тонна, сүт өнімдері – 23 тонна, бақша дақылдары – 48 тонна, жеміс-жидек – 21 тонна, балық – 5 тонна, әсел – 4 тонна және 25 тонна өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынатын болады.

Атап өтейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы жәрмеңке 31 тамыз бен 1 қыркүйек күндері өтеді.

Бұдан басқа, өңір кәсіпкерлері алғаш рет қол жетімді бағамен аяқ киім, арнайы киімдер, ерлер костюмдері мен мектеп формаларын сататын болады. Білім күні қарсаңында елордалықтар арзан және сапалы мектеп формасына қол жеткізе алады. Сайрамдық «Алтын адам» ЖШС ерлер костюмдерін, Жетісайлық «Ұлықбек» ЖК – аяқ киімдер, Төлебилік «Ленгер Текстиль» ЖШС – арнайы киімдер ұсынатын болады.

Нұр-Сұлтан тұрғындары Түркістан облысының өнімдерін арзан бағасымен ғана емес, сонымен қатар сапасымен де жақсы көреді. Елордада ауылшаруашылық жәрмеңкелері маусымы 27 қазанда аяқталады. Келесі керуен оңтүстіктен солтүстікке келесі жылы аттанады.

Қазіргі уақытта облыста ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру басымдыққа ие. Мысалы, биылғы жылы алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану арқылы және халықты жұмыспен қамту бағытында шамамен 89 млрд.теңге сомаға 480 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жоспарды орындау барысында 4620 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер