Атырауда 120 педагог «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқытады
Жаңа оқу жылынан жаңа элективті пән барлық мектептер, колледждер және жоғары оқу орындары бағдарламасына енгізіледі
Бүгін Хәлел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аудиториясында оқытушылар партаға отырды. 19 тамыздан бастап педагогтардың бірінші легі «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқытуға дайындалады. Жаңа пән күзден бастап мектеп, колледждер және жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізіледі. Жаңа пәнге мұғалімдерді іріктеуде таңдау экономика, құқық, менеджментті оқытатын, гуманитарлы бейіндегі оқытушыларға түсті.
«Атамекен» ҚР ҰКП және ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, өскелең ұрпақ арасында оқытушылық белсенділікті ынталандыру бойынша бірқатар шаралар жүргізуде. Осындай шаралардың бірі – оқу бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізу болды. Осы мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында оқудан алдымен бизнес-тренерлер өтті, қазір бизнес-тренерлер оқытушыларды дайындап жатыр. Атырау облысы бойынша 60 мектеп мұғалімі, 28 колледж оқытушысы, жоғары оқу орындарының 33 оқытушысы дайындықтан өтеді. Курстар екі лек бойынша өтеді, бірнішісі – 19-29 тамыз аралығында, екінші лек – 2-12 қыркүйек аралығында өтеді, барлығы 80 академиялық сағат қарастырылған», – деді Атырау облысы ӨКП сарапшысы Амангелді Иманов.
Тыңдаушылар қатарында Хәлел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Майра Дәрісқалиева бар. 20 жылдық тәжірибесі бар педагог аталған жаңашылдық уақтылы әрі қажетті шара деп санайды.
«Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер басым. Енді кәсіпкерлік негіздерін мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында оқытатыны тамаша. Курс барысында пайдалы білім аламын. Бағдарлама жеңіл формаға негізделген, пән студенттеріме ұнайды деген сенімдемін», – деді Майра Дәрісқалиева
Оқытушыларды оқыту үш білім беру объектісінде жүреді. Бұл жұмысқа 4 бизнес-тренер жұмылған.
«Біз материалдың өзін үйретіп жатқанымыз жоқ, біз ертеңгі күні осы бағдарламаны оқушылар жақсы игеруіне мүмкіндік беретін құралдарды берудеміз. Оқытушыларға пәнді жүргізуді үйретеміз. Пәнді геймификация, түрлі кейстер, ой талқы, қосалқы тапсырмалар, іскерлік ойындар сынды құралдар қолданып үйретеміз. Осылайша біз студенттердің оқу процесіне толықтай берілуіне қол жеткіземіз. Тәжірибе көрсеткендей, оқытудың бұл әдісі оқушының қызығушылығын оятады, оның құлшынысын арттырады, бала шаршамайды және осының бәрі оң нәтиже береді», – деді бизнес-тренер Арман Шымбаев.
Жаңа оқу жылынан бастап «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін мектептердің 10 сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының жоғары курс студенттері оқиды, келесі жылы пән 11 сынып оқушыларына да оқытылады. Жаңа элективті пәнге 36 факультативті сағат бөлінген.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: