Атырау облысында «Бастау» жобасы шеңберінде 82 адам мемлекеттік грант алды
«Бастау» жобасы шеңберінде мемлекеттік грант алушылардың 80%-ы ауыл тұрғындары
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Дәурен Сағынғалиевтың айтуынша, қазіргі таңда «Бастау» жобасы шеңберінде облыс бойынша 750 адам оқып шықты. Соның ішінде 82 адам бизнес-жобаларын сәтті қорғап шығып, 100 және 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грант иегерлері атанды. Тағы 76 адам оқу аяқталған соң кәсіп ашу үшін жылдық 6%-бен жеңілдікпен несие алуға ниет білдірді.
«Грант алғандар ішінен 72 адам ауыдан тұрғындары екені қуантты, яғни олар мемлекеттік қолдауды белсенді қолданып, жеке кәсіптерін дамытуда. Талдау көрсеткендей, негізінен бұл ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету саласындағы жобалар. Сонымен қатар соңғы кездері ауылдық жерлерде медициналық кабинет ашқысы келетіндер бар. Мемлекеттік гранттардан бөлек «Бастау» түлектері жеңілдікпен несие ала алады, жыл басынан олардың саны 76 адамды құрады. Ауылдық жерлер үшін 6 млн теңгеге дейін, ал қалалық тұрғындар үшін 19 млн теңгеге дейін несие беріледі», – деді Палата сарапшысы.
Жыл соңына дейін «Бастау» жобасы шеңберінде тағы 1200 адамды қамту көзделген. Жобаның төртінші легі «Жас кәсіпкер» жобасы аяқталған соң қыркүйүек айында басталады.
«Қазіргі таңда «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде бірінші лек бойынша 279 адам оқу аяқтады. Екінші лек 15 тамызда басталады. Оның барысында 300-ден астам қыз-жігітті оқытуды жоспарлап отырмыз. Ары қарай олар мемлекеттік грант және жеңілдікпен несие алуға өтінім бере алады», – деді Дәурен Сағынғалиев.
Айта кету керек, жоғарыда аталған екі жоба шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқуға ниет білдіргендер Облыстық кәсіпкерлер палатасына немесе оның филиалдарына тұрғылықты жері бойынша өтінім бере алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: