Асқар Мамин жас бизнесмендерге тренинг өткізді
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Атамекен» қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталығына, жұмысшы мамандықтарына оқыту жөніндегі оқу орталығына және «Жас кәсіпкер» жаңадан бастаушы кәсіпкерлерге арналған оқу орталығына барды. Үкімет басшысы жас кәсіпкерлерге арнап бизнес-тренинг өткізді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі
«Атамекен» мобильді жұмыспен қамту орталығының қызметі жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға және одан кейін жұмыспен қамтуға бағытталған. Мобильді орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған, бүгінде 9 орталық жұмыс істейді, Қазақстанның барлық өңірлерінде тағы 30 орталық ашу көзделген.
ҚР Премьер-Министрі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Атамекен» қолдау орталығы» жұмыспен қамту орталығында жеке ісін ашуға ниет етіп жүрген жас мамандармен кездесіп, әңгімелесті.
Үкімет басшысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың әлеуметтік саясаты аясында және ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шұғыл шаралар пакетін әзірлегенін атап өтті. Осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам жас азамат жұмыспен қамтуға көмектесу шараларымен қамтылады. Соның ішінде «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, стартап жобаларға гранттар мен шағын несиелер беру арқылы қолдау көрсетіледі.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі тігін ісіне оқытатын «DANMARD» оқу орталығына барды. Аталған оқу орталығында оқу кезеңі – 3 ай, ай сайынғы шәкіртақы 21 мың теңгені құрайды.
Оқу аяқталғаннан кейін жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар 500 мың теңгеден астам өтеусіз грантқа үміткер бола алады, сондай-ақ, айына 19 мың теңге көлемінде шәкіртақы ала алады. Бүгінде Қазақстан кәсіпорындарының негізінде 563 оқу орталығы жұмыс істейді (елордада 50 оқу орталығы), болашақта олардың санын 1000-ға дейін ұлғайту көзделген.
Естеріңізге салсақ, «Атамекен» қолдау орталығы» жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары халықтың жұмыспен қамтылуына проактивті көмектесу мақсатында іске асырылуда. Орталықтар блок-модульді павильондарда, халық жаппай жиналатын жерлерде – базарлар мен вокзалдар маңы, халық тығыз орналасқан аудандар мен көшелерде ашылады. Менеджерлер-консультанттар өтінім берушінің алған білімі мен кәсіби деңгейіне қарай жұмыс табу, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде жаңа мамандық алу, «Жас кәсіпкер» және «Бастау» жобаларына қатысуға көмектеседі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: