«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шығыс Қазақстанда балық шаруашылықтарына арналған оқу семинары өтті

2019 жылғы 09 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
3902 просмотров

Шығыс Қазақстан облысындағы 9 балық шаруашылығынан 20 өкіл және балық өсіру саласында кәсіп бастап жатқан 12 кәсіпкер ШҚО Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен  «Балық өсірудегі индустриялық технологиялар» оқу семинарына қатысты

Іс-шара «Білім және ғылыми зерттеулердің қолжетімділігі» бюджеттік бағдарламасының «АӨК субъектілерін қайтарымсыз негізде ақпараттық қамтамасыз ету» қосалқы бағдарламасын жүзеге асыру щеңберінде «Атамекен» Агробіліктілік орталығының тапсырмасымен ұйымдастырылды.

4 шілде күні «Өскемен» қонақүйінің мәжіліс залында облыстың балық өсірушілері Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы шақыртылған лектор-биологиялық ғылымдар кандидаты, Балық шаруашылықтары қауымдастығы төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары, «Қазақбалықшаруашылығы» балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығының өкілі Серік Темірхановтың шеберлік сабағына қатысып, теориялық білімдерін шындады.

Серік Рақышжанұлы индустриялық балық өсіру – балықты орнықтырудың жоғары тығыздығын (1 шаршы метрге 250-дегн астам бірлік)  қолданатын шаруашылық жүргізу форомасы жайында құнды мағлұматтар берді. Мұндай шаруашылықта балық қорегінде табиғи жем-шөптің орнына толыққанды теңдестірілген жем қоспалары бар, өндірістік процестердің басым бөлігі механикаландырылған және автоматтандырылған, балық жыл бойы өсіріледі. 

Индустриялық балық шаруашылығы – балықты торда өсіру, бассейнде өсіру және айналымды сумен қамту жүйелерінде өсіру бойынша бөлінеді. Елордалық маманның дәрісінен балықшылар шаруашылықтың түрлі формаларын, әртүрлі нысандарының артықшылықтары мен кемшіліктері, өнеркәсіптік балық шаруашылығының объектілері жайында, қарқынды тоған шаруашылығы, коммерциялық балық өндірісінің ерекшеліктері туралы, сондай-ақ, Америка, Еуропа және басқа елдердің озық тәжірибелерімен танысты.

Семинардың екінші бөлігінде қатысушылар Ұлан ауданы Саратовка ауылында орналасқан «Ost Fish» ЖШС балық шаруашылығына барды. Онда арнайы қондырғыларда шоқыр балығы өсіріледі, қара уылдырық алынып, қызыл ет өндіріледі. Шаруа қожалығы іс жүзінде үлгі болып табылады – барлық жұмыс процесі автоматтандырылған, өндірісте небәрі 4 адам ғана жұмыс істейді.   Кәсіпкерлер балық шаруашылығын қызығушылықпен қарап шықты, дәріс берушіге сұрақтар қойып, балықты сақтау, азықтандыру, балық өнімдерін сату және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мәліметтер алды.

 Қазіргі таңда отандық балық өсірушілерді алаңдататын басты мәселелер жайында ШҚО Кәсіпкерлер палатасы АӨК дамыту бөлімінің бастығы Асқар Жақыпбаев әңгімеледі:

 «Саладағы ең өзекті мәселе – мемлекеттік қолдаудың болмауы, балық өсірушілерге арналған арнайы бағдарламалар жоқ.  Бұл туралы семинарда айтқанбыз, талқыладық. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан қолдау шараларды бастамалауда. Биыл мамыр айының аяғында Ауыл шаруашылығы министрлігіне инвестсубсидиялау бойынша жаңа паспорттар беру қажеттілігі жайында хат жібердік. Мәселен, балық өсіруші торды – балық өсіретін орынды сатып алады. Біз балықты қоректендіру, басқа мәселелер туралы айтып жатқан жоқпыз, біз кәспкердің негізгі қажеттілікке қаражат салуын айтып отырмыз, осы бағытта оған қолдау көрсетілуі тиіс». 

 Асқар Шәкенұлының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында 26 балық шаруа қожалығы жұмыс істейді, олар 1,5 мың тонна балықты экспорттаған, осы ретте облыс бойынша балық еті экспорты небәрі 285 тоннаны құраған. Негізінен балық экспорты – стандарттары өте жоғары Еуропалық Одақ елдеріне жөнелтіледі, демек отандық балық өнімі қауіпсіздік және сапа параметрлеріне сай келеді.  Сонымен қатар ШҚО-да балықты Қытайға экспорттау жолға қойылған. Бір сөзбен айтқанда деградация уақыты өтіп, өңірдегі балық шаруашылығы даму үстінде. Алайда өндіріс қарқыны мен көлемін арттыру үшін кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандыру қажет.

 «Балық өсірушілер Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарына жүгінеді, біз әрдайым көмек беруге дайынбыз. 14 тамызда Өскемен қаласында «Балықты торда өсіру» тақырыбында аквамәдениет бойынша семинар өтеді. Семинар «Шығыс Униаерсал» ЖШС-нда ұйымдастырылады. Шығыс Қазақстанның балық өсірушілерін тегін семинарға қатысуға шақырамыз», – деді Асқар Жақыпбаев.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер