Ақтауда кәсіпкер әйелдерге арналған оқу семинары өтті
«Ауылдық жерлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» атты тегін шеберлік сабағы Азия даму банкінің қолдауымен «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастырды
Іс-шараның басты мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, сондай-ақ ауыл әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту.
Семинарға облыстың барлық ауданынан 60-тан астам әйел кәсіпкер қатысуда. Олардың қатарында шаруа қожалықтарының басшылары, өндірістік кәсіпорындардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер бар.
«Екі күндік оқытуда бизнес-тренер тәжірибелік тапсырмалар мен кейстер арқылы әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне, бухгалтерлік және басқару есебіне үйретіп, салық пен инвестиция тарту сұрақтарына жауап берді. Сонымен бірге тыңдаушылар жеке брендті дамыту маңыздылығын, пиар жұмысын үйлестіру мен интернет-маркетинг негіздері туралы толық үйреніп, біледі»,- дейді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры, әлеуметтік бачстамалар департаментінің директоры Салтанат Әбдікәрімова.
Оқыту аясында қатысушыларға Қазақстандағы бизнесті жүргізудегі қаржылай және қаржылай емес қолдау туралы Кәсіпкерлер палатасының мамандары таныстырды. Ал кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының қызметкерлері кеңінен тоқталды.
Сонымен бірге екінші деңгейлі банктер мен шағын несиелік ұйымдардың өкілдері нәзік жанды іскерлерге шағын және орта бизнес субъектілерінің жобаларын қаржыландыру бағдарламалары мен оларға қатысу шарттарын түсіндірді.
Қатысушылар өз кезегінде семинардың кәсіби біліктіліктерін көтеру үшін қажетті шара екенін, сондай-ақ, ауылдық жерлерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту идеясын танымал етудің маңыздылығын атап өтті.
«3 млн.теңге несие алып, мал шаруашылығын жақында бастадым. Ұлттық өнімдерді, шұбатты сатылымға шығаратын ойым бар. Маңғыстау ауданынан 12 кәсіпкер келіп отырмыз. Семинарға келгеніме өте қуаныштымын. Бизнес құру, оны дамыту, қаражатты дұрыс жұмсау, банкротқа ұшырамау әдістерін үйретті», – деп ойымен бөлісті кәсіпкер Сәуле Бусаханова.
Жалпы өңірде 52 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 50% жуығы әйелдер еншісінде.
Айта кету керек, Азия даму банкінің қолдауы шеңберінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен тегін оқу семинарлары еліміздің өңірлерінде өтеді.
Айта кетейік, Азия даму банкі /АДБ/ кедейлікті жою мақсатында Азия-Тынық мұхиты өңірінің дамыған, интеграцияланған, өміршең және тұрақты болу жолында жұмыстанып келеді. 2018 жылы АДБ 21,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде грант пен қарыз берді. Банк 1966 жылы құрылды және оның акционерлері 68 ел болып табылады. Қазақстан 1994 жылы АДБ-ға мүше болды және өз экономикасын дамыту үшін 5 млрд. АҚШ доллары көлемінде тәуелді және тәуелсіз заемдар, кепілдіктер және техникалық көмек алды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: