«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкер әйелдерге арналған семинар өтті

2019 жылғы 03 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
7470 просмотров

 Шығыс Қазақстан облысында өткен семинарға   ШҚО барлық аудандары мен қалаларында жұмыс істейтін бизнес ханымдар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған қыз-келіншектер қатысты, олардың дені «Бастау Бизнес» жобасының түлектері

Бизнес-тренер ШҚО бойынша «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, ЕҚДБ «Шағын бизнеске арналған консультациялар» бағдарламасының маркетинг және басқару жөніндегі білікті кеңесшісі Елена Березинская-Әбілова іс-шараның модераторы болды.

Семинардың ашылу салтанатында «Атамекен» ҚР ҰКП Әлеуметтік бастамалар департаменті директорының орынбасары Назгүл Хамзина семинарда жоспарланған маңызды тақырыптарға тоқталып өтті. ШҚО ӨКП Қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Марина Мун Қазақстанда бизнес қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары туралы ақпарат берді.

Азия даму банкінің қаржылық талдаушысы Лаура Омарова «Қазақстандағы әйел кәсіпкерлерді қолдаудағы Азия даму банкінің рөлі» атты таныстырылым жасады. Еуропалық қайта құру және даму банкінің Жобалар жөніндегі ассистент Жәния Карменова кәсіпкерлерге ЕҚДБ ұсынған шағын және орта бизнесті қолдау құралдарымен таныстырды.

ШҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі департаментінің жетекшісі Жанна Қабдолдақызы іскер әйелдерді кәсіпкерлік қызметті адалдық қағидаттарына сүйеніп жүргізуді және қажет болған жағдайда, «Бизнес және инвестициялар» жобасына қатысу үшін Департаментке хабарласуға шақырды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» өңірлік филиалының Инвестициялар тарту жөніндегі менеджері Шолпан Қуатова «Даму» қоры операторлығымен басқарылатын бизнесті қолдау бағдарламаларын көпшілікке таныстырды.

Іс-шара модераторы Елена Березинская-Әбілова семинар қатысушыларына өзін таныстыруға, бір-бірлерімен  ойын формасында тілдесуге, жеке  бизнес ашуда табыс тағылымдары және тәжірибе бөлісуге мүмкіндік берді.

 Ары қарай ой-талқы іскерлік бағытқа ауысты: бизнес негіздерін түсіну, заңды және қаржылық аспектілерді игеру, салық салу жүйесін таңдау, несиелеу және инвесторларды іздеу жолдарды талқылап, қатысушылар практикалық жаттығуларды орындады.

Күннің екінші жартысында шағын және орта бизнестің қаржы институттарымен өзара әрекеттесуі, екінші деңгейлі банктердің бизнесті дамыту мемлекеттік бағдарламалары бойынша жеңілдікті несиелер туралы болды.

Семинар барысында «KMF» микроқаржы ұйымы, «Центркредит», «Нұрбанк», «ForteBank» өкілдері өз өнімдері туралы кең ақпарат берді. Кәсіпкер әйелдер қаржыгерлерге көптеген сұрақтар қойды, атап айтқанда ауыл тұрғындарына несиелердің қамтамасыз ету кепілдігі, комиссиялық сыйақы, несие алуға үміткерлерді іріктеу тәртібі туралы сауалдар тасталды. Өкінішке қарай екінші деңгейлі банктер кепілзатқа 65 жылдан ескі емес және қала маңынан 60 километрден алыс емес нысандарды ғана кепілдікке алады. Бірақ семинардың ұйымдастырушылары бизнес жүргізуде біліктілігі бар кәсіпкерлер  отандық екінші деңгейлі банктерде жеке қарау  қағидаты бойынша қызмет алады деген сенімде.

 «Осындай керемет іс-шараға қатысамын деп шешім қабылдадым. Өйткені бағдарламаны көрдім, қызықтым. Мұнда мен үшін өзекті және қызықты мәселелер: бизнесті дамыту, әйел кәсіпкерлігін қолдау туралы құнды ақпарат берілді. Қазіргі таңда өзімді көптен бері мазалаған сұрақтарға толымды жауап алдым. Енді келесі күннен де көп пайдалы ақпарат аламын деген ойдамын», – деп бөлісті алған әсерімен ШҚО Ұлан ауданының кәсіпкері Эльмира Байсаринова.

 2 шілдеде қатысушылар ауылдық әйелдердің әлеуметтік мәселелерін талқылап, ауыл әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға халықаралық ұйымдардың гранттық қаржыландыруы туралы ақпарат алып, «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек», «Өндіріс» бағдарламалар бойынша қаржыландыру алуға бизнес-жоспар құруды үйренді.

 Бизнес-тренер Елена Березинская-Әбілова  маркетинг, брендинг, PR, желіге қосылу, арнайы іс-шараларға қатысу арқылы іскерлік қарым-қатынастар мен бизнесті насихаттау мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді.

 Екінші күні семинардың келесі ірі ақпараттық блогы – интернет-маркетинг негіздері, SMM, жарнамалық мақсаттарға арналды. Қатысушылар алған білімді дереу дағдыға айналдырып, модератордың практикалық тапсырмаларын орындады.

 «Бағдарламамыздың тиімділігі жоғары. Ары қарай белгілі бір нәтижеге жету мақсатында біз даму картасын әзірлейтін боламыз. Алынған ақпаратты үйлестіреміз, семинар қатысушылары сауалнамаларды толтырады. Кейін біз жиынтық талдау құрып, қыз-келіншектерге қолдау көрсету жолдарын ойластырамыз», – деп атап өтті семинар ұйымдастырушысы Назгүл Хамзина.

 Семинарды қорытындылай келе, қатысушыларға сертификаттар салтанатты түрде табысталды. Қыз-келіншектер іскерлік салада көптеген жаңа нәрселерді меңгерді, бизнесті жоспарлау және басқару үшін іргелі дағдыларға ие болды, сондай-ақ, олар жеке бизнесті тиімді дамытудың жолдарын белгіледі.

 «Атамекен» ҚР ҰКП Әлеуметтік бастамалар департаменті атынан Назгүл Хамзина осындай тиімді іс-шараларды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын өткізетіні жайында хабарлады. Бұдан бөлек семинарда алынған сертификатты «Бизнестің жол картасы-2020» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары арқылы қаржыландыру алуға өтімін беруде құрал ретінде қолдану мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Естеріңізге салсақ, Азия даму банкінің қолдауымен «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған тегін шеберлік сабақтары Қазақстан өңірлерінде өтіп жатыр. Іс-шараның басты мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және ауылдық әйелдердің экономикалық әлеуетін арттыру. Келесі семинар 4-5 шілдеде Маңғыстау облысында өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер