«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер палатасы: Қызылордада мал терісін сатып алу пункттерінің жабылуы проблемаға айналуда

2019 жылғы 01 Шілде
- Қызылорда облысы
3251 просмотров

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков айтты.

Облыс тұрғындарының 56 проценті ауылдық аймақтарды тұрады деген Палата өкілі олардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындары және жеке кәсіпкерлер екендігін айта келе ауыл азаматтарының бүгінгі таңда кездесіп отырған проблемасына тоқталды.

«Өткен жылдан бері проблема болып тұрған мәселелердің бірі – мал терісін сатып алу пункттерінің жабылуы. Осы жылдың ақпан айынан бастап ірі қара малдың өңделмеген терісін 6 айға дейін шетелге шығаруға тыйым салынған. Сол себепті мал терісінің бағасы 10-15 есеге дейін түсіп, көп аудандарда мал терісін сату мүлде тоқтап қалды. Осылайша мал шаруашылығы кәсібіндегі азаматтар қосымша табыстан айырылып, ал ауыл тұрғындары теріні қоқысқа тастап жатыр. Қоқыстағы терілер елді-мекеннің экологиялық проблемасын туғызу қаупі де бар», - дейді Жасұлан Серіков.

Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға кедергі келтіріп отырған бұл проблема Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 19 ақпандағы № 89 бұйрығымен бекітілген «Қалпына келтiрiлетiн қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды, ірі қара малдың өңделмеген терісін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» құжатынан кейін туындаған.

Аталмыш құжатта «ірі қара малдың өңделмеген терісін (Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы коды 4101) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», - деп көрсетілген.

Қазір облыстық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына және  Ауылшаруашылық министрлігіне аталмыш мәселе жөнінде хат жолдап, кәсіпкерлердің проблемасын жеткізді.

Алайда Жасұлан Серіковтың айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы жылдың тамыз айында бұл шектеуді 5 жылға дейін созуды жоспарлап отыр екен. Аймақ кәсіпкерлері бұл жаңалыққа алаңдаушылықтарын білдіруде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер