«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнестен төрт күнде 82 млн-нан астам теңге «Менің Атамекенім» шотына түсті

2019 жылғы 27 Маусым
7023 просмотров

Қаражатты бизнесмендер мен ел тұрғындары аударып жатыр. Түркістан облысы және Шымкент қаласы кәсіпкерлер палаталарының қызметкерлері зардап шеккен адамдарға барынша көмектесуде.  

Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен адамдарға Шымкент қаласында көмек жинау штабы жұмыс істеп тұр. Түркістан облысы және Шымкент қаласының кәсіпкерлер палаталары 13 эвакуация пунктіндегі жұмысты үйлестіріп отыр. Төтенше жағдай орын алғаннан бастап пунктерде 15 557 адам тіркелді, соның ішінде 5 471-і – балалар.  

 Көшірілген адамдардың барлығына Палата қызметкерлері тамақ және медициналық көмекті ұйымдастырды, сондай-ақ кеңес беруге психологтар жұмылдырылған. Адамдарды тасымалдауға 15-орындық автомашина тартылған. 1500 бала мен әйелдер бірінші қажеттіліктегі заттармен қамтамасыз етілді, вокзалда қалған 800-ден астам адамға қосымша тамақ жеткізу ұйымдастырылды. Түркістан облысы ӨКП базасында зардап шеккендерге арнап көмек жинау пункті ашылды. Штаб мекенжайы: Шымкент қаласы, Қонаев көшесі 83/1, жедел телефон желісі – 8(7252) 39-49-90.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің айтуынша, эвакуция пунктерінің барлығында орын алған азық-түлікке деген қажеттілік өңірлік ұйымдардың күшімен жабылған. Осы ретте гигиеналық заттар, тұрмыстық қажеттіліктегі заттарға сұраныс бар, олар қаржылық мүмкіндіктер және гуманитарлық көмектің түсуіне қарай өтеліп жатыр.

  Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері көшірілген адамдарға арналған тауарларды базардан қол хат жазып, алып жатыр. «Алаш», «Самал», «Верхний рынок» базарларының саудагерлері жағдайды түсініп, қолдау білдіруде. Соңғы екі күн ішінде базарлардан 780 мың теңгеге тауар сатып алынды.

Шымкент қаласы және Түркістан облысы кәсіпкерлер палаталарының қызметкерлері алғашқы күннен бастап ата-анасынан ажырап қалған балаларды іздестіру жұмыстарына белсенді жұмылды.

 «Трагедия орын алған күні Палата штабына екі бірдей баласын жоғалтып алған ата-ана хабарласты. Балалардың фотосуретін жіберді. Штаб қызметкерлері бірден Төтенше жағдайлар департаменті, полицияға хабарлап,  чаттарға бала деректерін таратып, барлық эвакуациялық пунктерге хабарласты. Балалар пунктердің бірінен табылды. Ата-анаға балалардың орналасқан жерін хабарлап, көлік құралын ұйымдастырдық. Тура осылайша екі бала табылды», – деді Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері.

Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған штабтың жедел желісіне күніне 300-ден астам өтінім түсіп жатыр. ӨКП қызметкерлері эвакуациялық пунктердің еріктілерімен тығыз байланыс ұстап отыр. Шымкент қаласындағы Қазақ-түрік лицейінде 100 орынға көп балалы отбасыларына жатақхана ұйымдастырылды. Өз кезегінде қала кәсіпкерлері көшірілген адамдарға тегін монша  ұйымдастырды. Бұдан бөлек, Палата қызметкерлері эвакуациялық пунктерге арнап көшпелі жуыну кабиналарын жасады. Бұл бастаманы еріктілер де іліп әкетіп, зардап шеккендер орналасқан орындарда жуыну кабиналарды жасап, орналастырды.

 «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдері кәсіпкерлер және ел тұрғындарынан шотқа түскен қаражат қалай бөлінетіні туралы ақпарат берді.

«Арыс тұрғындары қалаға кіруге рұқсат алып, интернетке қол жеткізген соң, біз зардап салдарын көріп, оларды реттеуге қажет соманы анықтау мақсатында зардап шеккен адамдардан үйлерінің жағдайын сипаттайтын фото және бейнетүсірілімдерді қабылдайтын боламыз. Әрине, ол үшін арнайы комиссия құрылады, оның құрамына Кәсіпкерлер палатасы өкілдері және Өңірлік кеңестің мүшелері кіреді. Комиссия жиналған қаражатты бөлу бойынша шешім қабылдайды. Біз Арыс қаласының тұрғындарына, қалаға кіру рұқсат етілген соң atamekenim.kz сайтымызға кіріп, көмек туралы өтінімді тіркеуді ұсынамыз. Осылайша, комиссия мүшелері нақты отбасыға нақты қандай көмек керек екенін көре алатын болады. Өтінімдердің түсуіне қарай, біз талдау жүргізіп отырамыз. Талдау арқылы бізге қаражат жіберген адамдар қаражатты бөлу тиімді әрі мақсатты жұмсалып жатқанын бақылай алады. Қазірдің өзінде өтінімдерді қабылдап жатырмыз, өтінімдерді арыстықтар смартфондар арқылы жіберуп жатыр», – деп атап өтті «Менің Атамекенім» ҚБ жетекшісі Ләззат Шыңғысбаева.

  Осы ретте кәсіпкерлер зардап шеккендерге қолдау көрсетуді жалғастыруда. Әсіресе Түркістан және Шымкент қалаларының кәсіпорындары белсенді.

 «Апат орын алғаннан бастап көмек қолын созған бизнесмендер, азық-түлік, киім, ыдыс-аяқ әкеп, қаражат аудара бастады. Кәсіпкерлер Арыс қаласында үйлерді тұрғызуға көмектесуге дайын. Мәселен, «Алина» құрылыс компаниясы 20 млн теңгеге жөңдеу жұмыстарына қажет құрылыс бояуларын, құрғақ құрылыс қоспаларын және басқа да материалдарды бөлді. «Бал текстиль» кілем фабрикасы әр арыстық отбасын кілемдермен қамтамасыз етпек. Кейбір кәсіпкерлер, соның ішінде Өңірлік кеңестің мүшелері бұзылған үйлерді жөндеу жұмыстарын өз міндеттеріне алды. Зардап шеккен тұрғындарға үлкен көмек көрсетіп, бірақ есімдерін жасырын қалдырғысы келген көптеген бизнесмендерді білемін», – деді  Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қәбіштаев.

 Бұдан бөлек, «Химфарм» АҚ және «Магнум» сауда үйі сынды қаланың ірі компаниялары 3 млн теңгеге азық-түлік, киім, гигиеналық заттарды жіберді. «Химфрам» компаниясы 2,5 млн теңгеге қажетті дәрі-дәрмек бөлді, дәрілер эвакуация пунктеріне жеткізілді.  Жеке қонақүйлер, «Грамад» сауда үйі, «Мадлен» кондитерлік желісі эвакуациялық пунктерді ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдре кеңесі көмекке белсенді кірісті, іскер ханымдар 3 млн-нан астам теңгеге  азық-түлік, киім, және дәрі-дәрмек жіберді. «Арт-құрылыс» ЖШС, «Шабитекс» ЖШС – адамдарды тасымалдау, жүк тасымалына техника берді. Жеке стамотологиялық емханалар балалар ен жасөсіпірімдер, жүкті әйелдер, зейнеткерлерге тіс емдеу қызметін көрсетіп жатыр.

 Естеріңізге салсақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерін Арыс қаласында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетіп, мүмкіндігінше көмек беруге шақырды. Көмек қаражатын жинау шотын «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі ашты. Қаражатты компьютер немесе смартфон арқылы сілтемеге өтіп («Көмек бергім келеді» батырмасы), аударуға болады.

Немесе келесі банк реквизиттері арқылы:

 010000, г.Нұр-Сұлтан, Есіл ауданы, Сығанақ, 25-үй

БИН 180540015308

ИИК KZ759470398991370112

БИК ALFAKZKA

«Альфа-Банк» АҚ

 

Нұр-Сұлтан қаласында гуманитарлық көмек жинау штабы «Менің Атамекенім» жобалық алқаның коворкинг орталығында Достық 5, IQ coworking, 9-кеңседе ашылған. 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер