«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қосымша ынталандыру шаралары шағын және орта бизнестің «көлеңкеден шығуына» көмектеседі – Тимур Құлыбаев

2019 жылғы 17 Маусым
7815 просмотров

Шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері мен  осы саланың келешегі ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының салалық комитетінің отырысында талқыланды

Кездесуде Шағын және орта бизнес комитетінің төрағасы Райымбек Баталов 2018 жылы «Атамекен» және «Қазақстан кәсіпкерлер форумы» бастамасымен жүргізілген зерттеудің қорытындысына тоқталды.  Оның аясында Алматы және Алматы облысындағы тұрғын үй жанында орналасқан мыңдаған кішігірім дүкен мен сән салондары зерттеуге алынды.

«Зерттеу нәтижесінде шағын бизнес өз қызметінде клиенттеріне қолма-қол ақшасыз қызметті сирек көрсететіні анықталды, тұрғын үй жанында орналасқан сауда нүктелеренің небәрі 70%-ында POS-терминалдар бар,  ал 35%-ында бақылау-кассалық машиналары жоқ, 14%-ында бизнес-процестерді автоматтандыру жолға қойылмаған, дүкендердің небәрі 7%-ы тұтынушыға чек береді. Әрине, кәсіпкерлер табыс пен шығындар тұрғысынан тиімділікті байқамайынша, процестерді автоматтандыруға асықпайтыны түсінікті. Сондықтан, бұл ретте «Атамекеннің» басты міндеті – нақты мысалдарға сүйене отырып, онлайн бағдарламалық жабдықтарды орнатудың тиімділігін бизнеске көрсетуі керек және кәсіпкерлерді «көлеңкеден шығаруға»   бағытталған қосымша ынталандыру шараларын кеңейтуі қажет», – деп мәлімдеді Райымбек Баталов.

«Атамекен» ұсынған ынталандыру шаралары  қазір заңнамалық деңгейде қаралуда. Айтар болсақ, оңтайландырылған декларациямен жұмыс істейтін және  үшкомпонентті өзара үйлестірілген жүйені, яғни  POS-терминал –Онлайн-бақылау-кассалық машина – Есептің автоматты жүйесін қолданатын кәсіпкерлерге қосылған құн салығы бойынша есепке тұру шегі 75 млн-нан 364 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Мұндай ынталандыру шарасы оңтайландырылған декларация бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлерге де шекті табыс мөлшері 121 млн-нан 298 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап патент және оңтайландырылған декларациямен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшкомпонентті үйлестірілген жүйені қолданатын болса, олардың жабдықты сатып алуға кеткен шығындары өтеледі.

«Бақылау-кассалық машиналар мен POS-терминалдарға қарағанда үшкомпонентті үйлестірілген жүйені қолдану міндетті емес. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, бұл жүйе жеңілдіктер мен бизнесті ашық жүргізумен қатар, шағын бизнестің табысын арттыруға да мүмкіндік береді. Бүгінде кішігірім дүкен иелері  әлі де деректерді дәптерге жазып, есеп-қисапты ескі әдіспен жүргізуде. Мұндай әдіс қаржы ағыны мен тауарлардың қозғалысын жүз пайыз бақылап отыруға кепілдік бермейтіні анық. Егер кәсіпкер жүйені қолданатын болса, бизнесін толық  бақылап, шығындардың алдын алып отырады», – деді Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Райымбек Баталов.

Зерттеу кезінде анықталған тағы бір мәселе – жұмысшылардың бейресми жұмысқа тұруы, нәтижесінде олар әлеуметтік жеңілдіктерден қағылып отыр. «Атамекен» бұл мәселені шешу мақсатында өкілетті органдарға  шағын бизнестің әр жұмыскерге төлейтін  міндетті төлемдері мен аударым пайызын азайтуды, сондай-ақ төлемдер процедурасын оңтайландыруды ұсынды.

Сонымен қатар кездесуде құқық иесінің келісімінсіз  елге тауар әкелудегі кәсіпкерлердің жауапкершілігіне қатысты мәселе де қаралды. «Тауар белгісіне арналған айрықша құқықты жоюдың өңірлік қағидасы» мәселесін «Атамекен» кең ауқымды талқылауға салып, өкілетті мемлекеттік органдармен шешуді көздеп отыр.

ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған оқу бағдарламарын кеңейту қажеттілігіне де баса назар аударды.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, шағын бизнеске әрі қарай дамуы үшін қажетті біліктілік жетіспей жатады. Кәсіпкер есеп жүргізуді жетілдіруге, жаңа тауар жеткізушілерді табуға, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға қарсы емес болар, алайда  ол үшін қажетті біліктілігі болмай жатады. «Атамекен» үш негізгі бағытта оқу бағдарламаларын әзірлеуі керек. Бұл бағдарламаларда  салыққа қатысты, POS-терминал, онлайн-бақылау-кассалық машиналар мен есеп жүйелерін енгізуге қажетті цифрлық технологияларды қолдану, сонымен қатар қызметкерлердің сауда және қызмет көрсетуде біліктілігін арттыру  міндетті түрде қарастыру қажет. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер үшін таптырмас ынталанадыру құралы болады. Сонымен қатар бизнесті қолдауға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарламаға осы оқыту құралдарын енгізу туралы ұсыныстар беру қажет», – деп қорытындылады Тимур Құлыбаев.

Кездесу соңында Тимур Құлыбаев шағын бизнесті «көлеңкеден шығаруға»  және қолмақол ақшасыз төлемге көшуге ынталандыратын  қосымша шараларды ұсыну жұмысын жалғастыру қажет екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер