«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» құрылыс саласында бірыңғай өзін-өзі реттеу ұйымын құруды ұсынды

2019 жылғы 17 Маусым
2336 просмотров

«Атамекен» кәсіби қоғамдастықпен бірігіп, құрылыс саласында бірыңғай өзін-өзі реттеу ұйымын құруды ұсынды

Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу саласына өзін-өзін реттеуді енгізу мәселесі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен қоғамдық тыңдауда қаралды. Талқылауға сарапшылық ұйымдар, ҰКП, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері қатысты.

Естеріңізге салсақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық комитеті реттеушілік әсерді талдауға қатысты ҚР Ұлттық экономика министрлігінен оң қорытынды алды. Оның нәтижесі бойынша аталған салада өзін-өзі реттеуді міндетті мүшелікпен, мүшелер саны 20 сарапшылық ұйымнан кем емес өзін-өзі реттейтін ұйымдардың көптігі негізінде құру ұсынылды.

 Өз кезегінде «Атмаекен» және Сараптамалық ұйымдар палатасы Баламалы реттеушілік әсерді талдауды әзірледі.

«Өкілетті орган жүргізген реттеушілік әсерді талдау нәтижесімен келіспей, «Атамекен» кәсіби қоғамдастықпен бірлесіп, баламалы талдау жүргізді. Бүгінде біздің міндетіміз – қоғамдық тыңдау жүргізу, шешім қабылдап, оны алдағы жұмыс үшін Ұлттық экономика министрлігіне жіберу», – деп атап өтті ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Лаззат Рамазанова.

«Мамыр айының соңында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жиын өтті, оның нәтижесінде құрылыс жобаларын сараптау саласында міндетті мүшелікпен бірыңғай өзін-өзі реттеу жүйесі енгізіледі деген шешім қабылданды.  Бүгін біз жүргізген баламалы реттеушілік әсерді талдау қорытындысын талқыламақпыз», – деді «Сараптамалық ұйымдар палатасы» Басқарма төрағасы Бірлік Ережепов.

 Жүргізілген талдауға сәйкес сараптамалық қызметтің негізгі мәселелері сертификаттаудан кейін сарапшылардың біліктілігінің жеткіліксіздігі, сараптамалық ұйымдарды аккредиттеу сапасының нашарлығы, мемлекеттік органнан да, кәсіби қауымдастықтан да субъектілерінің қызметін сапалы бақылаудың жоқтығы болып табылады, нәтижесінде сапасыз сарапшылық қорытындылар жасалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жағдай жасалады.  

«Біз жүргізген реттеушілік әсерді талдауда 4 балама қарастырылған, нәтижесінде төртінші балама – міндетті мүшелікпен сарапшылық ұйымдарды бірыңғай өзін-өзі реттеу ұйымынн негізделген өзін-өзі реттеу формасы ұсынылды», – деп хабарлады Бірлік Ережепов.

 Аталған нұсқанын артықшылығы:

  • бюджет шығындарын азайту;
  • сарапшылық қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру кезеңдерін қысқарту (ұйымға мүше болу сараптамалық ұйымдарды аккредитациялау кезінде автоматты түрде жүзеге асырылатын болады);
  • сарапшылардың және аккредиттелген сараптамалық ұйымдардың қызметтері бойынша тұтынушыларға  зиян келтіруді өтеу мүмкіндігі;
  • сотқа дейінгі реттеуді дамыту;
  • бақылау анағұрлым кәсіби және жедел ұйымдастырылады, осылайша сараптамалық қорытындылардың деңгейі жоғарылайды;
  • сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылады.

Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу саласына өзін-өзін реттеуді енгізуді Аудиторлар палатасы қолдады.

 «Біліктілік, кәсіби этика және сапаны бақылауға негіз жасау қажет. Өзін-өзі реттеуді бірнеше құрылым базасына ғана енгізу дұрыс емес, өйткені бейберекетсіздік орын алады. Жалпы алғанда жүйе қарапайым болуы шарт, елдегі кәсіби мамандар кәсіби қоғамдастыққа бірігуі керек», – деді Аудиторлар палатасының атқарушы директоры Арыстан Ақан.

Жүргізілген талдау және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, кәсіби қоғамдастық сараптамалық ұйымдар қызметінде міндетті мүшелікпен бірыңғай палатаның болуы керек деген шешімге келді.

 «Біз баламалы реттеушілік әсерге талдаудың нәтижесін ары қарай Ведомствоаралық комиссияға қарауға жіберу мақсатында Ұлттық экономика министрлігіне жолдаймыз», – деп қорытындылады «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Лаззат Рамазанова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер