Бекітілмеген тариф салдарынан кәсіпкерлер арасында дау туды
Жергілікті билік үш жыл бойы тариф құнын бекіте алмай отыр
Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасында қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің проблемалық сұрақтарына арналған жиын өтті.
Жеріглікті кәсіпкерлер Талдықорған қаласындағы қалдықтарды орналастыру полигонын сенімді басқаруға алған «ADAL DAMU Capital» ЖШС қалдықтарды қабылдау қызметіне өздігінен тариф орнататынына шағымданды.
«Біз бұл туралы бірінші мәрте айтып отырған жоқпыз. Байқағандарыңыздай мәселенің өзгеретін түрі жоқ. Қалдықтарды шығару мен жоюға бірыңғай тариф керек. Сонда барлығымыз бірдей жұмыс істей аламыз. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасына мәселенің шешімі табылады деп жүгіндік», – деді тасымалдаушы компаниялардың өкілдері.
Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімнің басшысы Әділет Сұлтанбектің айтуынша, Экологиялық кодекске сәйкес жергілікті өкілдік орган коммуналдық қалдықтарды жинау, шығару, көму мен жоюға тарифтерді бекітуі тиіс. Талдықорған полигонындағы тариф құнын қалалық әкімдік тарифтік жобаны ұсынған соң, мәслихат оны бекітуі тиіс.
Өз кезегінде «ADAL DAMU Capital» ЖШС директоры Ерлан Дүйсебаевтың пікірінше, әкімдік 2017 жылдан бері қалдықтарды қабылдау қызметіне тарифтерді бекіту үрдісінің уақытын созып келеді. Компания қоқыс өңдейтін зауыт болғандықтан осы жылдың сәуір айында аталмыш мәселені бұқаралық ақпарат құралдарында көтерген болатын. Бекітілмеген тарифтің салдарынан зауыт шығындар көлемін есеп ала отырып тариф енгізуге мәжбүр және осы күнге дейін кәсіпорынның жоспарланған өндірістік қуаттылығына шыға алмай отыр.
Қазіргі таңда ЖШС тасымалдаушылардың ұсыныстарын ескеріп, әріптестік үшін қажетті жағдайлар жасауға дайын екенін айтты.
Талдықорған қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілі Мейір Нұрғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда тарифтік жоба әзірленіп, тіркеу үшін әділет басқармасына жіберілген. Әкімдіктің жоспарынша жаңа тариф шілде айының басында енгізіледі.
Алайда кәсіпкерлер шенділердің сөздеріне сенуден қалған. Себебі сәуір айының басында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мадияр Нұрахметов «Хабар 24» телеарнасының берген сұхбатында тарифтің 2019 жылдың мамыр айында бекітілетінін хабарлаған.
Кәсіпкерлер мен әкімдік өкілдерінің қатысуымен болған жиынның қорытындысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы қалалық мәслихатқа тарифті бекіту мәселесін үдетуді ұсынды. Сонымен бірге кәсіпкерлер шағымы тиісті шараларды қолға алу үшін қалалық прокуратураға жіберілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: