Азық-түлік қауіпсіздігі мен жұмыс орындарын қамтамасыз ету: Тимур Құлыбаев тамақ өнеркәсібін дамыту жайлы
«Атамекен» азық-түлік өнімдерінің импортын қысқартуға бағытталған кешенді шараларды әзірледі. Аталған шаралар ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен ҰКП Тамақ өнеркәсібі комитетінің отырысында таныстырылды
Кездесу барысында Комитет төрағасы Ерік Балапанов елімізде импорттық өнімге тәуелдік әлі де сақталып тұрғанын айтты. Дүкендер сөресіндегі құс етінің 50%-ы, шұжықтардың 40%-ы, сүзбе мен ірімшіктің 52%-ы және қанттың 90%-ы сырттан тасымалданады. Тамақ өнеркәсібі комитетінің деректері бойынша, соңғы 10 жыл ішінде елге 10 млрд АҚШ долларына тең келетін өнім импортталған, ал бұл тауарларды өз елімізде де шығаруға болады.
Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың кешенді шараларын ұсыну арқылы ішкі нарықтағы өнім сұранысын жүз пайыз қамтамасыз етудің бірден бір жолы. Ол үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әр сала бойынша импортты алмастырудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірледі.
«Қант тапшылығын толығымен жою мақсатында егжей-тегжейлі есеп жүргіздік. Ішкі нарықты қантпен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 400 мың тонна қант өндіру керек. Қазақстанда қосымша 150 мың гектар суармалы егістікті қолға алып, қант қызылшасын өңдейтін 3 зауыт салу қажет. Бірінші кезеңде мемлекеттік қолдау суармалы егістіктерге инфрақұрылым тарту, сонымен қатар арнайы техниканы сатып алуды субсидиялауға бағытталуы мүмкін. Қант өндіретін зауыттарды орналастыруға қолайлы үш өңір бар, олар – Түркістан облысы, Жамбыл облысы және Алматы облысы», – деп атап өтті Ерік Балапанов.
Ал 100 ірі және 500 орта сүттен жасалатын тауарлар шығаратын ферманы салу арқылы сүт өнімдерінің импортын азайтуға болады, жыл сайынғы импортты алмастыру сомасы 250 млн АҚШ долларынан асады. Өз кезегінде небәрі 3 ірі құс фабрикасын салу арқылы елдегі құс етіне деген тапшылық толығымен жойылады, деп атап өтті Ерік Балапанов.
«Атамекен» импортты алмастыруға бағытталған кешенді шараларды Үкіметке таныстыруды жоспарлап отыр. Шараларды жүзеге асыру арқылы елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік жасалады.
Осы ретте «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев импортты алмастырумен қоса салалық кооперацияны дамыту қажеттілігін айтты.
«Сүт өнімдерін шығаратын заманауи жабдықталған ферманың құрылысы мемлекет жеңілдетілген несие бөлсе де шығынды процесс екенін түсіну қажет. Бизнесті салалық кооперацияға қарай ынталандыру керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорындар ірі өңдеуші компания жанына бірігіп, шикізатпен қамтамасыз ете алады. Қарағанды облысында осы бағыттағы жұмыс жасап тұрған жақсы тәжірибе де бар, онда ірі сүт зауыты жеткізушілерге арнап қолайлы тізбек құру арқылы сапалы шикізатты алып отыр. Осындай тәжірибені зерттеп, кең қолданысқа тарату қажет», – деп мәлімдеді Тимур Құлыбаев.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы келешекте елдегі азық-түлік өнімдеріне деген ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін де арттыратынына сенімді.
«Біз жыл сайын шамамен 20 млн тонна бидай аламыз, оның жартысы экспортқа кетеді. Алайда, шындығын айтқанда, бидайды шетелге арзан бағамен сатамыз, өйткені өзіндік құнда үлкен үлесті тасымалдау шығындары алады. Оның үстіне қазір астық экспорты бойынша Ресеймен бәсекелестіктеміз. Егерде, бидайды терең өңдеуді қарастырып, оны жолға қойсақ, онда табыс та еселене түседі. Дәл сол бидайдан жоғары қосымша құн қосылатын өнімді шығарар болсақ, арзан шикізатты сатудың қажеті қанша?! Өңдеуді жолға қойсақ, ішкі нарық сұранысына қажетті өнімді қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты да өсіре аламыз. Бизнесті осы бағытқа бейімдеп, мемлекеттік қолдау шараларын өңдеу саласына бағыттау қажет», – деді Тимур Құлыбаев.
Кездесу соңында ҰКП басшысы тарифтік емес реттеу және ішкі нарықты қорғау шаралары бойынша нақты ұсыныстарды әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: