«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бұзылмай қалған келісім

2019 жылғы 17 Мамыр
- Ақмола облысы
8037 просмотров

 

Қазақта «Уәде Құдай аты» деген ұғым бар. Қазақ үшін берген уәде, алысқан қол нотариуспен тең болған замандар өтіп кеткелі қашан. Ақмолалық шенеуніктер жергілікті кәсіпкермен екі арадағы келісімді негізсіз бұзбақ болған. Ақмола Өңірлік Кәсіпкерлер Палатасының эксперттері Қорғалжың ауданының шенеуніктерінің пасық әрекеттерінің жолын уақытылы қиып үлгерді.

Әңгімеміздің әлқиссасына оралсақ. 2018 жылдың ақпан айында Қорғалжың аудандық білім бөлімі орта білім беру мекемелерінің оқушыларын тамақтандыру жайлы байқау жариялайды. «Еснұр» ЖК уақытылы, ай соңына жеткізбей өзінің байқауға қатысатындығы жайлы өтінім тастайды. Түптеп келгенде осы байқауды ұтып алып, наурыз айының 1-жұлдызында екі жақ Қорғалжың орта мектептерінде оқушыларды тамақтандыру жайлы келісімге қол қояды.

Жеке кәсіпкер осы уақытқа дейін өз ісін адал атқарып келген. Мелекеттік мекемелерден ескерту қағазын алмаған.  Көрсетілген қызметтер актісі, мектеп анықтамасы сөзімізге дәлел бола алады.

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, пәленің барлығы 2018 жылдың қазанында басталады. Білім бөлімі «Еснұр» ЖК екі арадағы келісімді бұзатындарын көрсетіп, ішкі мемлекеттік аудит қағазын қоса қысып, кәсіпкерге хат жолдайды. Негізге алғандары мынау -  байқауға түскен кезде кәсіпкер мемлекеттік тілдегі нұсқасын бермеген және барлық лоттарға бір ғана өтінім берген деп көрсеткен.

Мәселенің ақ-қарасын анықтаған кезде кәсіпкердің әр лотқа жеке өтінім бергені және қазақ тілінде де өтінім тастағаны анықталды. Бұл жайтқа аудандық білім бөлімі «құжаттардың түгел екенін, орын алған келеңсіз жайтқа кінәлі адамның қазіргі уақытта қызмет істемейтінін» айтып жауап жазған.

 «Кәсіпкермен екі арадағы келісімді негізсіз бұзбақ болған. Бұл заңға томпақ келетін әрекет. «Еснұр» ЖК барлығын заң аясында жасаған», - деп пікір білдірді Өңірлік Палатаның Кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімінің эксперті  Ақылбек Смағұлов.

Қазіргі таңда Ақмола облыстық экономикалық сотының анықтамасымен бұл іс тоқтап, кәсіпкердің иығынан жүк түскендей болып отыр.

Ақмола Өңірлік Кәсіпкерлер палатасына «Еснұр» ЖК атынан алғыс хат келген.

«Сіздердің мамандарыңыздың дер кезінде араласуымен шаруам оңынан шешілді. Қазіргі күні келісімімді қайта жалғастырғанмен қоймай, тоқтап қалған уақытымдағы шығындарымды қайтарып берді»,- деп кәсіпкер ағынан жарылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер