«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорғандағы «Бизнеске арналған Үкімет» жобасымен танысты

2019 жылғы 02 Мамыр
4875 просмотров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған арнайы сапарында өңірлік кәсіпкерлер палатасына да ат басын бұрды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ҚР Президентіне облыстық кәсіпкерлер палатасы базасында құрылған «Бизнеске арналған Үкімет» жобасын таныстырды. Жоба мақсаты - «бір терезе» қағидаты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын бір орталықтан көрсету.

«Кәсіпкерлер «Бизнеске арналған Үкіметтен» өздеріне қажетті кеңестер мен жобаларына қолдау алуда. Бастысы - бәрі айқын, ашық және қолжетімді. Палата, мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдарының өкілдері кең көлемді қызмет түрлерін ұсынады. Бұдан былай бизнес өкілдері мемлекеттік органдардың табалдырығын баяғыша тоздырмайтын болады. Қызметтерді онлайн режимде де ала алады», - деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Мемлекет басшысына өңірлік Кәсіпкерлер Палатасының атқарып жатқан басқа да жұмыстары таныстырылды. Кәсіпкерлер палатасының директоры Нарым Әбілшайықов аймақтық «Атамекеннің» кәсіпкерлер құқығын қорғау, қаржылай емес қолдау, несиелендіру мен адами капиталды дамыту бағыттары аясындағы жұмыс нәтижесі туралы айтып берді. Палата ғимараты іскерлік форумдар, В2В кездесулер мен көрмелер өткізетін бірегей алаңға айналып, кәсіпкерлердің екінші үйі іспеттес болып кеткенін жеткізді.

«Бастау» оқыту жобасы ауыл тұрғындары үшін таптырмас демеу болды. Қазіргі таңда оқу Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларында өткізілуде. Өткен жылы жобаны 3361 азамат оқып шыққан. Жалпы  құны 2,5 млрд теңгеге 955 жоба қаржыландырылған. қаржыландырылды. Биыл кем дегенде 1500 адамды оқыту мен шамамен 900 бизнес-жобаны қаржыландыру жоспарланған.

Ауыз толтырып айтатын көрсеткіштің бірі ретінде  соңғы бес жыл ішіндегі нәтижелер айтылды. Осы аралықта  кәсіпкерлер палатасына құқықтық қолдау мақсатымен 2678 өтініш келіп түскен (2018 жылы 365 шағым тіркелген), 95 әкімшілік кедергі жойылған. Қолға алынған жұмыстар арқасында кәсіпкерлер 3,2 млрд теңге үнемдеген. Есепті кезеңде палатаның аудандық және қалалық филиалдарында 102 600 кәсіпкер ақысыз сервистік қызметтер мен кеңестер алған. Жұмыссыз жүрген және кәсіпті жаңадан бастаған 7200 азамат кәсіпкерлік негіздерін оқып, 5 мыңнан астамы өз бизнесін ашқан.

 

 

«Бизнеске арналған Үкіметте» қызмет көрсетудің мамандандырылған 5 аймағы жұмыс істейді. 

«Өткізу» аймағында бизнеске арналған маркетинг, бухгалтер қызметі, мемлекеттік сатып алу бойынша кеңестер, CT KZ сертификатын беру, сондай-ақ,  «ҚазТрансГазАймақ» АҚ, «ТАТЭК» АҚ, «Жетісу Су құбыры» ШЖҚ МКК, «Талдықорған жылу сервис» ҚМКК тарапынан қызметтер көрсетіледі.

 «Қаржыландыру» аймағында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ сияқты қаржы ұйымдары мен даму институттарының  қызметтері ұсынылған.

  «Құқықтық сүйемелдеу» аймағында кәсіпкерлердің құқығын және заңды мүдделерін қорғау қызметі, дауларды сотқа дейін реттеу ұсынылады. Сонымен қатар, әділет департаменті, мемлекеттік кірістер басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, жер қатынастары басқармасының өкілдері кәсіпкерлерге кеңес береді.

 «Оқыту» аймағында өңір тұрғындары мен кәсіпкерлік ынтасы бар азаматтар қысқа мерзімді оқытуға, «Бизнес Мектеп» пен «Бастау Бизнес» жобалары аясында кәсіпкерлік негіздерінің курсына жазыла алады. Жұмыспен қамту орталығының да қызметі көрсетіледі.

 «Цифрлық қызмет көрсету» аймағында кәсіпкерлер онлайн режимінде  мемлекеттік қызметтері мен «Atameken Services» порталы арқылы қажетті бизнес-қызмет түрлерін қолдана алады.

Бұдан бөлек жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Атамекен» ҚР ҰКП мен Кәсіпкер әйелдерді қолдау Қорының бірлесе ұйымдастырып отырған  «ALTYN OIMAQ» қазақстандық киім дизайнерлерінің жобасы таныстырылды. Байқау мақсаты - отандық сән индустриясын дамыту мен ұлттық мәдени дәстүрлерді сақтау.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер