«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құрылыс саласындағы баға ауытқуы талқыланды

2019 жылғы 30 Сәуір
2966 просмотров

 «Атамекен» алаңындағы бүгінгі бас қосу қызу талқымен басталды. Құрылыс саласындағы тапсырыс алушылардың қызынатындай да жөні бар. Себебі, әу баста көрсетілген құрылыс материалдарының бағасы бір тоқсан ішінде жоғарылап кетеді екен. Құрылыс салушылар баға өзгерту әдісінің қайта енгендігін қалайды.

«Өкініштісі - біз тек бағаның жоғарылап бара жатқанына куә болудамыз.  Әлдебір құрылыс материалының бағасының арзандауы мың жылда бір келетін құбылысқа айналды. Жобаны жасап, жобалық-сметалық құжаттарды дайындағаннан кейін, құрылысты бастап кету аралығында бағалар әжептеуір өзгеріске ұшырайды. Бұған әрине, инфляцияның, девальвацияның әсері бар. Қазіргі таңда бағаларды қайта реттейтін механизм жоқ»,- деді Қазақстан жобалаушыларының ұлттық қауымдастығының вице-президенті Серік Рүстембеков

Әріптесінің сөзін «BI Group» холдингінің Басқарма Төрағасы Талғат Қожахметов мырзаның өзі де растап отыр. Ол кісінің айтуынша ұзақ мерзімді жобаларды қолға алған компаниялар көбіне әжептеуір шығынға ұшырайды екен.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Лаззат Рамазанованың айтуынша ұсынылып отырған баға өзгерту жобасы механизмі көп мәселенің шешімін табар еді.

Бұл ұсынысты әр аймақтағы бизнес өкілдері де қолдап отыр.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті өкілдері де аталмыш мәселенің бар екенін мойындап отыр. Отырысқа келген бизнес өкілдеріне мәселені шешу барысындағы жұмыстарын таныстырды. «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында, 48 қадам бойынша механизм кіргізгендерін алға тартты.

«Біз бұл әдісті жаман деп айта алмаймыз. Бұл механизм шама-шарқы жеткенше өз жұмысын атқаруда. Ал, бизнес өкілдерінің сұрағы көп және ол сұрақтардың көбі бұл механизм аясынан тыс», - деді «Индустриялық құрылыс технологиялары» қауымдастығының Төрағасы  Қанапия  Нұрбатыров.

Отырыс соңында Лаззат Рамазанова қатысушыларға алғыс айтып, «Атамекен» алаңына жұмыс тобы құрылатындығын, оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері кіретіндігін және аталмыш мәселелерді бірігіп шешуге болатынын жеткізді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер